QYZPU Ректоры педагогтердің Республикалық съезіне қатысты



    • QYZPU Ректоры педагогтердің Республикалық съезіне қатысты

      Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай педагогтердің республикалық съезіне қатысты.  Ұстаздардың мұндай алқалы жиыны 2005 жылдан бері өткізілмеген.

      Съезде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттің дамуы тікелей ұстаздармен байланысты екендігін атап өтті.

      – Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. Біз білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек, – деді мемлекет басшысы.

      Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанына назар аударды.

                                                                           

      – Менің бастамаммен  2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30  пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін  артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог  шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

      Ауқымды жиынға қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ге жуық ұстаз келген. Педагогтар арнайы ұйымдастырылған алаңдарда озық еңбектерімен және халықаралық тәжірибелермен бөлісті. Сондай-ақ бұл жиында орта білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.

      Шара соңында Мемлекет басшысы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді. Айта кетейік, мұғалімдер күнінің нақты датасын Үкімет биыл бекіткен болатын. Үкімет қаулысына сәйкес, бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген.

                                                                               

      Бөлісу: