QYZPU математиктері көтерген мәселеден кейін мектептегі математика және информатика пәндерінің мазмұны қайта қаралатын болды
-
26 қыркүйек, 2023
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Серік Кеңесбаев пен математика кафедрасының білім беру бағдарламаларының көшбасшысы Бектас Бостановтың Түркі әлемі математиктерінің VII дүниежүзілік Конгресінде жасаған баяндамасы нәтижесінде мектептегі математика және информатика пәндерінің мазмұнын қайта қарау туралы шешім қабылданды.
Түркістанда өткен Конгреске әлемнің 20 мемлекетінен 500-ден астам математик ғалым қатысқан болатын. Сонда баяндамашылар көтерген мәселелерден кейін негізгі 4 шешім қабылданды. Біздің ғалымдар «Цифрлық білім беру жағдайында болашақ информатика мұғалімдерін дайындауда дискретті математика элементтерін оқытудың әдіс-тәсілдері» атты баяндама жасады. Олардың пікірінше, дискретті математиканы оқыту көп жағдайда ескерілмей қалады. Ал ол информатиканың негізгі ұғымдарын терең меңгеру үшін қажет. Баяндамда QYZPU ұстаздары соны оқытудың әдісін ұсынды. Олай дейтіні, бүкіл информатиканың негізі – математика.
«Білім құралдарының бәрі қазір цифрлық форматқа ауысқан. Оқушылардың цифрлық форматта оқуға бейімделуі – білімнің негізсіздігіне соқтыруда. Осындай келеңсіздіктердің алдын алып, жою үшін біз оларды негізгі ұғымды терең түсінуге бейімдеуіміз қажет», – дейді педагогика ғылымдарының докторы Серік Кеңесбаев Конгрестегі баяндамасы туралы.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті профессорларының баяндамасы Конгресте қызу пікір-талас тудырды.
Сондай-ақ Конгреске физика мамандығының 2-курс докторанты Айжан Мүтә мен 2-курс магистранты Алмагүл Тилейхан да қатысып, баяндама оқыды. Жердегі демографияның шектен тыс артуы салдарынан табиғи ресурстардың жетіспеуі мәселесіне алаңдаған Айжан Мүтә адамзат қоныс аударуы мүмкін Марс планетасындағы тау үңгірлерін зерттеген екен. Жас ғалым тау үңгірлерін орнықтылығы мен беріктілігінің дәлелдемекші.
Айта кету керек, Конгресс түркі әлемінің математикалық қоғамы мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған.
Бөлісу: