Профессор Қуанышкүл Меңдаяқова дүние салды
-
26 қыркүйек, 2023
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Меңдаяқова Қуанышкүл Меңдаяққызы 81 жасында қайтыс болды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай өзінің және ұжымның атынан марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Профессор Қуанышкүл Меңдаяқова 1961 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының «қазақ тілі мен әдебиеті және ән» мамандығы бойынша филология факультетіне түсіп, 1963 жылы музыка-педагогика факультетіне ауысты. 1966 жылы осы факультетті ән-күй мамандығы бойынша үздік бітіріп, хорды дирижерлау кафедрасында 1973 жылға дейін оқытушы, аға оқытушы болып қызмет аткарған. 1973-1989 жылдар аралығында мектепке дейінгі тәрбие кафедрасында мектепке дейінгі педагогикадан деріс берді. 1988 жылы кандидаттық диссертация қорғап, 1991 жылы доцент ғалымы атағын алды. 1989-2000 жылдары аралығында музыкалық педагогика факультетінің деканы, 2000-2008 жылдар аралығында ата-анасынын қамқорлығынсыз қалған және көпбалалы отбасынан шыққан қыздарга арналған дайындық бөлімінің деканы болды. 2008 жылы кәсіби бағдар беру, педагогикалық практика және бітірушілерді жұмыспен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Қуанышкүл Меңдаяққызына 2010 жылы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі, ал 2011 жылы педагогика мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді. 2019 жылға дейін мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасының профессоры қызметін атқарған.
Қуанышкүл Меңдаяқова – Қазақстан Республикасы көлеміндегі мектепке дейінгі тәрбиенің әртүрлі салалары бойынша зерттеу жүргізген ғалым, бастауыш білім және мектепке дейінгі тәрбие кадрларын даярлау ісінің негізін қалаушылардың бірі. Марқұм болашақ мамандарға теориялық білім берумен қатар, педагогикалық шеберлікке үйретіп, ұстаздық іскерлікке баулыды. Ғылыми ізденістің негізгі бағыттары бойынша 2 монографияның, 2 оқу құралының, 2 оқу-әдістемелік құралдың, 2 типтік бағдарламаның және 50-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.
1992 жылы «Білім беру ісінің үздігі», 1994 жылы «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, 2004 жылы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталған.
Бөлісу: