ҚР Кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы QYZPU студенттерін қамқорлығына алды



    • ҚР Кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы QYZPU студенттерін қамқорлығына алды

      Шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін қорғайтын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «туризм» мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-4 курс студенттеріне тәлімгер болуға келісті. Бұл туралы Алматы қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басқарушы директорының орынбасары – Алматы қаласы туризм бойынша Кеңестің төрағасы Әлішер Тұрсын мәлімдеді.

      Әлішер Тұрсын студенттерге бизнесті қалай бастауды және жеке кәсіпкерлік немесе ЖШС ашудың жолын үйретті. Одан бөлек, спикер «Атамекендегі» бизнес бастаудың басқа да тегін курстары жайлы айтып берді. Кездесу өз кәсібін ашқысы келетін жоғары курс студенттеріне бағыт-бағдар беру мақсатында университет жанындағы қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік орталығының бөлім басшысы Гүлзира Бекқалиеваның бастамасымен ұйымдастырылған болатын.

      Кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесуге 80-нен астам адам қатысты. Белгілі болғандай, арасында тек туризим бағытында ғана емес, басқа салаларда да өз ісін ашқысы келетін студенттер бар болып шықты.

      Айта кету керек, «туризм» мамандығының студенттері география пәнінің аға оқытушысы Кенжебек Болаттың жетекшілігімен «QYZPU-TOUR» атымен туристтік агенттігін жоба ретінде ашқан болатын. Жастар сол жобалары жайында Алматы қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басқарушы директорының орынбасары Әлішер Тұрсынға жан-жақты айтып берді. Нәтижесінде, жоба «Атамекен» өкіліне ұнап, ол студенттерге жетекші әрі бизнестегі тәлімгері болуға келісті.  

      Бөлісу: