Инфо-дайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары». №26



    • Инфо-дайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары». №26

      2020 жылғы 16 – 20 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары.

       

      16.11.2020

      – 2020 жылғы 9 – 13 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары.

       

      17.11.2020

      – Бүгін – Халықаралық студенттер күні. Әр адамның жадында ерекше естеліктерімен жатталып, көңіл төрінде қатталып қалған студенттік кезең ешқашан ұмытылмайды. Қызығы мен шыжығы мол сол бір төрт жыл талай әдемі де, әсерлі әңгіменің арқауы болып, көрігін қыздырғаны белгілі. Сәні мен салтанаты, мәні мен мағынасы мол өмірдің кейіпкерлері – студенттердің әр күні мерекедей өтсе де, күнтізбеде белгіленген өзіндік мейрамдары да бар. Ол Халықаралық студенттер күні. Атаулы датамен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерін құттықтаймыз.

      ***

      – Еліміздің педагогикалық жоғары оқу орнындағы жас ғалымдардың ортақ диалог алаңын құрып, ауылдық жерде орналасқан мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтқан «T2T Networking» жобасы жалғасуда.

      ***

      – Кісілік пен ізгіліктің кілтін ұсынған кемеңгер, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Абай мұрасы – аманат!» атты халықаралық танымдық жиын өтті.

      ***

      – Биылғы жылдың 27 қарашасы күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Әлемдік ақпараттық білім беру кеңістігі бәсекеге қабілетті ұстаздың қолында» атты жас ғалымдардың республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді.

       

      18.11.2020

      – «Тұлға. Таным. Шығармашылық». Осындай атаумен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым Сапар Оспановты еске алуға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

      ***

      – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бір топ ғалымы авторлық куәлікке ие болды. Атап айтқанда, ғылыми өнертабыс құрамында Филология институтының директоры, профессор Тыныштық Ермекова, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры міндетін атқарушы Ғазиза Шойбекова мен Шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Нұргүл Қалиева бар авторлық ұжымға «Біл, балам!» балаларға арналған энциклопедия мен Лингвокультуремалар сөздігін құрастырғаны үшін беріліп отыр.

      ***

      – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Өнер және менеджмент институтының студенті Несібелі Тоқтасын Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған республикалық атаулы студенттік Стипендиялар байқауының жеңімпазы атанды.

       

      19.11.2020

      – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен еліміздегі мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының педагогтары мен білім алушыларына әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсететін арнайы жоба бастау алды.

      ***

      – Философия ғылымдарының докторы, профессор, ғұмырының соңына дейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қызмет атқарған ұлағатты ғалым Сапар Оспановтың «Рухани-жаңғыру-тану негіздері» атты концептуалды-монографиялық оқулығы жарық көрді.

       

      20.11.2020

      – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Химия» мамандығының 3-курс докторанты Ақбота Қуандықова Тәуелсіз мемлекеттер достастығы «Үздік жас ғалым – 2020» атты талантты жас ғалымдардың жинағына еніп, арнайы дипломмен марапатталды.

      ***

      – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Филология институтының ғалымдары тағы бір авторлық куәлікке қол жеткізді. Атап айтқанда, өнертабыс институт директоры, профессор Тыныштық Ермекова, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры міндетін атқарушы Ғазиза Шойбекова және оқытушы Гүлнар Ескермесовадан құралған жұмыс тобына «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретудің инновациялық әдістері» атты оқу-әдістемелік құралы үшін беріліп отыр.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: