Тұңғыш әйел ректор Тұрсын Мырзабекованың ескерткіш тақтасы ашылды



    • Тұңғыш әйел ректор Тұрсын Мырзабекованың ескерткіш тақтасы ашылды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті тарихындағы тұңғыш әйел ректор, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының (1945-1959) ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Тұрсын Мырзабекованың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.

      Тұрсын Мырзабекқызының асыл бейнесі мен «Ұстаз атыңыздың алдында кішіпейілдікпен бас июге рұқсат етіңіз» деген жазуы бар мемориалды тақта Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің №1 Оқу корпусының қасбетіне қойылды. Айта кету керек, аталған алып ғимарат Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі оқу ордасына басшылық еткен жылдары бой көтерген болатын.

      Тарих ғылымының кандидаты, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Тұрсын Мырзабекқызы Мырзабекованың құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойының бастамасына айналды.

                                                                      

      Тарихи маңызды шараға қатысуға университет шаңырағына ұстаздың шәкірттері мен жақын туыстары, достары жиналды. Алматы қаласының әкімдігі де Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімін құрмет тұтып, ескерткіш тақтаның ашылуына арнайы келді. Алматы қаласы әкімінің атынан құттықтау сөз сөйлеген Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Арман Халбеков университет басшылығына ұлттық білімді дамыту жолындағы атқарып жатқан еңбегіне зор алғысын білдірді. 

      Ескерткіш тақтаның ашылуына қатысқан құрметті қонақтардың қатарында геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР халықаралық минералдық ресурстар академиясының және АМР академигі, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚР сыйлығының лауреаты, Т.М.Мырзабекованың қызы Сейтмұратова Элеонора Юсупқызы, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясы Ғалымдар үйінің директоры, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Бибатырова Ғайникен Айдарханқызы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының халық әртісі, «Қазақстан камератасы» мемлекеттік камералық оркестрінің негізін қалаушы профессор, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Мурзабекова Гаухар Құрманбекқызы болды.

                                                                      

      Ашылу салтанатына жиналғандардың барлығы да Тұрсын Мырзабекованың атқарған еңбегі мен еліміздәң білім саласына қосқан өлшеусіз үлесі жайында айтты.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай тарихи тұлғаның, әсіресе, профессор-оқытушы құрамына үлкен көңіл бөлгенін айрықша атап өтті.

      «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Тұрсын Мырзабекқызы институтқа атақты, білімді оқытушы-ғалымдар шақыртып, студенттердің білім алуына толықтай мүмкіндік жасады. Оқу және тәрбие жұмыстарына атақты ғалымдарды, ақын-жазушыларды, қоғам қайраткерлерін  шақырып кездесулер өткізді. Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов, Т.Тәжібаев, Ә.Марғұлан студенттерге сабақ бере жүріп, институтта өтетін әдеби кештерге жиі қатынасып, сондай-ақ мемлекеттік емтихан сынақтарына мүшелікке сайланып, көптеген қамқорлықтар жасады. Тұрсын Мырзабекқызы институт кітапханасын ұйымдастыруда зор еңбек етті. Осы тұста дене тәрбиесі, ән-би сабағы жүргізіле бастады. Нәтижесінде студенттер республика, одақ көлеміндегі жарыстарда жүлделі орындарды иеленді», – деді ректор өз сөзінде.

      Естеріңізге салсақ, Тұрсын Мырзабекова Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ашылғанына бір жыл ғана толғанда директорлық қызметке тағайындалған.

                                                                         

       

      Бөлісу: