QYZPU Сассекс университетімен бірлесіп қос диплом бағдарламасын іске асырмақшы



    • QYZPU Сассекс университетімен бірлесіп қос диплом бағдарламасын іске асырмақшы

      Қос диплом бағдарламасы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Сассекс университеті бірлесіп жеңіп алған гранттың аясында іске асады.  Естеріңізге салсақ, Британдық кеңес халықаралық білім беруді дамытуға арналған грантқа байқау жариялаған болатын. Қыркүйек айының басында грантты QYZPU мен Сассекс университеті ұтып алды.

      Яғни QYZPU студенттері алдағы уақытта екі диплом алуы мүмкін: бірі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дипломы, енді бірі – Сассекс университетінің дипломы.

      Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық бойынша проректор Закир Джумакуловтың айтуынша, қазіргі кезде гранттың аясында қос диплом бағдарламасын іске асыру мәселесі қарастырылып, стратегиялық жоспар құрылып жатыр.   

      Гранттың құны – 10 мың фунт стерлинг, ұлттық валютамен шамамен 6 миллион теңге болады.

      Айта кету керек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық жоғары оқу орындарының білімін әлемдік деңгейде мойындату үшін  тәжірибесі мол шетелдік білім ордаларымен тығыз байланысты нығайтуды тапсырған. 

      Бұған дейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 15 докторанты мен оқытушысы Сассекс университетінде біліктілікті арттыру бағдарламасынан сәтті өткен болатын.

      Бөлісу: