ҚызПУ ғалымдары авторлық куәлікке ие болды
-
18 қараша, 2020
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бір топ ғалымы авторлық куәлікке ие болды.
Атап айтқанда, ғылыми өнертабыс құрамында Филология институтының директоры, профессор Тыныштық Ермекова, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры міндетін атқарушы Ғазиза Шойбекова мен Шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Нұргүл Қалиева бар авторлық ұжымға «Біл, балам!» балаларға арналған энциклопедия мен Лингвокультуремалар сөздігін құрастырғаны үшін беріліп отыр.
Еңбектер «Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялары» жобасы негізінде дайындалған.
Айта кетейік, «Біл, балам!» балаларға арналған энциклопедиясында ұлттық құндылықтарымыздың ең көрнектісі – ұлттық киімдер, олардың түрлері топтастырылып берілген. Түсіндірме бөлігіндегі материалдар барынша ықшам және шағын.
Ал Лингвокультуремалар сөздігі тұңғыш рет жарық көргелі отыр. Мұның басты ерекшелігі, алдымен, баланың ұғымына сай лингвомәдени бірліктер іріктелген, ұлттық киімдер мен ойындары, жыл мезгілдері мен салт-дәстүрлер секілді өзгелерге ұқсамайтын, басқалардан даралайтын қасиеттері бала ұғымына сай берілген. Сөздік анықтама түсіндірме бөлімі, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер және көркем безендірілген иллюстрация бөлімінен тұрады.
Екі кітапта да атаулар кирилл және латын қарпінде берілген. Иллюстративті материалдары да жақсы, түсіндірме материалдары балалардың жас деңгейіне және қазақ тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытатын шетелдіктердің түсінуіне жеңіл.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Бөлісу: