Сапар Оспанов: Ұстаз есімі ұлықталды



    • Сапар Оспанов: Ұстаз есімі ұлықталды

      «Тұлға. Таным. Шығармашылық». Осындай атаумен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым Сапар Оспановты еске алуға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

      Отандық және шетелдік ғалымдардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен өткен алқалы басқосу Қыздар университетінің Тарих және шетел тілдері институтының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

      Онлайн режімде өткен жиынды Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Бибігүл Иманбекова ашып, ҚызПУ-дың қабырғасында ұзақ жылдар бойы маман даярлауға атсалысқан ғалым-ұстазға арналған конференцияның мәніне кеңінен тоқталды.

      – Халқымызда «Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деген ұлағатты сөз бар. Сапар Иманғалиұлы шәкірт даярлаумен қатар, философия ғылымы саласында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған азамат. Оның авторлығымен жарық көрген еңбектер – сала мамандары үшін құнды еңбек ретінде саналатыны ақиқат. Бүгінгі жиынның басты көздеген мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық ерекшелігімізді ұлықтау, ұлттық кодты жаңғыртып, оны өзектілігін өскелең ұрпақтың жадына сіңіру, ғалымның ғылыми мұрасын кеңінен дәріптеу, – деді Бибігүл Иманбекова өз сөзінде.

      Жиын барысында Қыздар университетінің ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Нұрғали Аршабеков сөз сөйлеп, ғалым еңбектерін насихаттау – ғылымның дамуына серпін беретіндігін атап өтті.

      – Тағылымды ғалым, тәлімді ұстаз, білікті басшы ретінде Сапар Иманғалиұлы саналы ғұмырында бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, елімізде тәжірибелі философтар мектебін қалыптастыра алды. Оның отандық білім мен ғылымның қарашаңырағы ҚазҰУ-ден басталған еңбек жолы бен бүгінгі жеткен биік белесі шәкірттері мен өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Сапар Оспановтың ғылыми-педагогикалық қызметі республика көлемінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де белгілі. Ол өмірінің мазмұнды кезеңдері мен парасатты беттерін гуманитарлық ғылым саласындағы іргелі ізденістерімен өрнектеп, бүгінгі философия ғылымы саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білді, – деді Нұрғали Аршабеков.

      Басқосу аясында ғалымның «Рухани жаңғыру тану негіздері» атты концептуалды монографиясының тұсаукесері өтті. Оған арнайы философия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сәбитұлы шақырылды.

      Сонымен қатар жиында  Нигерияның Лагос университетінің профессоры Огундоволе Колеволе Эзекиэль, Саха республикасының Солтүстік Шығыс федералды университетінің профессоры Виктор Михайлов, Германиядағы Қазақстан-Герман Қоғамының атқарушы директоры Галина Нуртазинова сынды ғалымдар мен ізденушілер сөз сөйлеп, іргелі ізденістерімен бөлісті.

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, профессор Серік Нұрмұратов ғалымның оқулықтары мен ғылыми еңбектері жайында сөз қозғады.

      – Сапар Иманғалиұлы жаңа көзқарастағы креативті философ. Оның концептуалды монографиялық оқулығы рухани жаңғыру танудағы жаңашылдық деп қабылдауға болады. Автор бұл еңбегінде «Руханият» ұғымы әлем философиясының мазмұны тұрғысында жан-жақты талдаған. Осы орайда адамзат тарихындағы рухани дамуға қатысты даналық пайымдаулар бірінші рет қазақ тілінде жүйеленгенін атап өткен жөн. Бұл ғылыми еңбекте төл тарихымыздағы рух мәселесінің бастаулары, даму кезеңдері және қазіргі мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылған. Ғылыми зерттеудің басты ерекшелігі – онда арнайы концептуалды терминдер арқылы руханиятқа қатысты ұғымдар дәл көрсетілген. Ғылыми еңбектің басты құндылығының  өзі сонда, – деді Серік Нұрмұратов өз сөзінде.

      Конференция жұмысы «С.И. Оспановтың өмірі мен шығармашылығы», «Рухани-танымдық зерде аясындағы ойшыл тұлға» және «Мәңгілік Ел идеясының саяси-әлеуметтік даму тұғырнамасының негіздемесі» тақырыптары төңірегінде жүргізілді. Басқосуда ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы «Өнегелі өмір» атты бейнепрезентация көпшілік назарына ұсынылды.

      Айта кетейік, Сапар Оспанов 1949 жылғы 7 ақпанда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданында дүниеге келген.

      Бұрынғы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Тарих факультетін, Мәскеу қаласындағы КСРО Ғылым академиясының Социологиялық зерттеулер институтының аспирантурасын тәмамдаған. Әр жылдары Қазақстан Ұлттық академиясының Экономика, Философия, Мемлекет және құқық институтарында институт директорының орынбасары, социологиялық зерттеулер орталығының жетекшісі, бөлім меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер, Алматы технологиялық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі және доценті сынды қызметтерді атқарған. 2004 жылдан бері өмірінің соңына дейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қоғамдық-әлеуметтік пәндер кафедрасының доценті болып жұмыс істеді.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: