GYZPU студенті халықаралық өнер конкурсының жүлдегері атанды
-
05 маусым, 2023
Университетіміздің Кәсіптік білім кафедрасы, «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан 1 курс студенті Құралбаева Дана Мәскеу қаласында өткен Халықаралық көпжанрлы "Весна красна-2023" өнер конкурсына қатысып, І дәрежелі диплом иегері атанды.
Шығармашылық тәжірибе алмасу, конкурсқа қатысушылар арасындағы достық қатынастарды нығайту, мүмкіндігі шектеулі және балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың шығармашылық қабілетіне мемлекеттік, халықаралық және коммерциялық ұйымдардың ұжым басшылары мен педагогтардың назарын аударту, бейбітшілік қағидаттарына сәйкес ұлттар арасындағы толеранттылықты сақтау мақсатында ұйымдастырылған конкурс 11 жанр бойынша таланттарды анықтаған.
Соның ішінде «Сән театры» («Театр мод») және «Бейнелеу өнері» ( «Изобразительное творчество») жанры бойынша «Ұлттық жакет» және «Көктем ару» атты екі жұмысын Ресейдің бас қаласына жолдауға атсалысқан Дананың анасы: «Жүлделі орын аламыз деп мүлдем ойламадық, бірақ біздің ұлттық колоритте жасалған жұмыстарымыз ерекше көзге түсіп, әділқазы алқаларын таңдандырған болу керек», ؘ– деп қуанышын жасыра алмады.
Құралбаева Дананың жетекшісі – университеттің білім беру бағдарламасының көшбасшысы, өнертану кандидаты Сара Мұқашқызы.
Дана университетіміздің талантты студенттерінің бірі. 1 курста оқыса да талай конкурстардың жеңімпазы атанып үлгерген. Атап айтсақ, 2022 жылы «Жылдың ең үздік студенті» байқауының ІІ дәрежелі, ҚР Орталық музейі ұйымдастырған «Ұлы дала ұрпақтары» республикалық фестиваль көрмесінің сәндік қолданбалы өнер номинациясының гран при жүлдегері, «Жас дарын» республикалық конкурсының І дәрежелі, Түркия елінде өткен VIII «Grazioso» Халықаралық өнер конкурс-фестивальінің І дәрежелі дипломының иегері. Тағы да басқа халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, лауреат атанып жүр.
Университет ұжымы атынан Данаға кезекті жүлделі орны құтты болсын дейміз! Шебер қолынан әлі талай туындылары өнер додаларына түсіп, жетістіктерге жететінені кәміл сенеміз! Талантың таси берсін!
Бөлісу: