«Педагогикалық университет – мектеп серіктестігі» халықаралық ғылыми конференциясы қорытындыланды
-
30 мамыр, 2023
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 29-30 мамыр аралығында өткен «Педагогикалық университет – мектеп серіктестігі» (“The Pedagogical University – School Partnership”) атты халықаралық ғылыми конференция қорытындыланды.
Жоспар бойынша 30 мамыр күнгі пленарлық отырыстың модераторлық тізгінін университетіміздің Басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Жұмақұлов Закир Даниярұлы алды.
«Көптілділік және сыныптағы тәжірибе» тақырыбында өрбіген пленарлық отырысқа Ұлыбританияның Кембридж университетінің білім беру факультетінің екінші тілді оқыту кафедрасының доценті Карен Форбс, КИМЭП университетінің Білім беру мектебінің деканы Жұлдыз Смағұлова, NGS жекеменшік мектебі директорының кеңесшісі Зина Сулейменовна, Кембридж университетінің Білім беру факультетінің докторанты Адам Бартон өз баяндамаларын оқыды. «Білім берудегі өзгерістерді енгізу: құпия шешім бар ма?» тақырыбында өз зерттеуін ортаға салған шетелдік спикер Адам Бартон: «Адамдардың білімді болуы білім беруге тікелей байланысты. Бұрын білім беруге базалық тұрғыдан қарасақ, қазір басқаша. Көбіне сапасына мән бере бастадық. Кез-келген реформаны өзгерту үшін уақыт керек. Ал білім саласында оған 6-7 жыл кетуі мүмкін. Реформа жасар алдында ең бірінші халықтың ойын білу керек, зерттеу жұмыстарын жасау керек. Тек оқулықтар мен заманауи техниканы өзгерту аздық етеді» дей келе, кез-келген проблеманы шешу жолы – зерттеу екенін атап өтті.
«Стейкхолдерлер серіктестігінің кейбір тәсілдері туралы: білім беру университеттері, мектептер және басқа мүшелер» тақырыбында өз баяндамасын оқыған Зина Сулейменовна: «Мектеп пен университет арасындағы ең басты ынтымақтастық – тәжірибе алмасу» екенін атап өтіп, өзі қызмет атқарып отырған жекеменшік мектеп тәжірибесінде мысалдар келтірді.
Пленарлық отырыс конференция қатысушылары тарапынан қойылған «Тілдік саясатты дамыту, оқулықтардағы шетелдік терминдердің қазақ тіліндегі нұсқаларын қарастыру» секілді сұрақтарға мамандар тарапынан кәсіби тұрғыда жауаптар алумен аяқталды. Конференция аясында «Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы» атты кітаптың тұсау кесер рәсімі болып өтті. Кітап авторлары: Гулмира Канай, Дэвид Фрост, Гульбадан Закаева, Сауле Каликова.
Кітап бірқатар іс-шаралар мен ынтымақтастықтың нәтижесінде ХартсКем (Ұлыбритания) кәсіби қоғамдастығына мүше қазақстандық ұйымдардың және "Қазақстан мұғалімдерінің көшбасшылығы" жобасына қатысушы педагогтардың бірегей тәжірибесіне негізделген. Басылымда мұғалімдердің позициялық емес көшбасшылық идеясының даму тарихы, педагогтерді кәсіби дамытудың тиімді тәсілдері, білім беру жүйесін жаңғырту және инновациялар көрініс тапты. Кітап оқырмандардың кең ауқымына зерттеушілерге, практикалық білім беру жүйесі қызметкерлеріне, сондай-ақ студенттерге, магистранттарға және PhD докторанттарға арналған. Конференция барысында негізгі іс-шаралар легімен қатар университет аудиториялларында профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттарға арналған семинар сағаттары да қатар өтіп жатты.
«Сапалы журналдарда мақалалар жариялау мәселесі» тақырыбында жас зерттеушілерге, докторанттарға, магистранттар мен ағылшын тілі мұғалімдеріне Доктор Карен Форбс дәріс оқыса, тәжірибелі зерттеушілер мен профессорлық - оқытушылық құрамға Доктор Элейн Уилсон өз тәдірибесін бөлісті. Екі күнге созылған ауқымды ғылыми іс-шараның қорытынды кешінде конференцияға қатысқан спикерлерге алғыс хаттар табысталып, Lesson study бойынша студенттердің ғылыми постерлері мен QYZPU ғылыми жобалары байқауының жеңімпаздары марапатталды. Конференция қонақтары студенттердің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.
МЕДИА
Бөлісу: