«EURASIA FOUNDATION (FROM ASIA)» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ЙОДЖИ САТО МЫРЗАНЫҢ ДӘРІСІ
-
24 мамыр, 2023
24 мамыр күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Еуразиялық қауымдастық: жаһандық білім және көшбасшылық» атты курсы «Еуразия қоры (Азиядан)» қорының президенті Йоджи Сато мырзаның дәрісімен аяқталды.
2022-2023 оқу жылының көктемгі семестрінде 15 апта бойы Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасында тарих, халықаралық қатынастар, саясат, мәдениет, жаһандық қауіпсіздік, педагогика, білім беру жүйесі мен ғылым саласындағы инновациялар, тіл білімі, әлеуметтану тағы да басқа түрлі салада танымал шетелдік және отандық профессорлардың дәрістері өткізілді. Соның ішінде Испанияның Комплутенсе университетінің профессоры Мария Асунсьон Лопес Варела Аскарате, Корея Республикасы Донгук Университетінің профессоры Ким Индже және профессор Пак Сун Хенг, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің шақыртылған профессорлары Чан Бенг Сун мен профессор Мионг Сун Ок, Еуразия қорының өкілі профессор Чан Джун Кон ақпан-наурыз айларында дәріс өткізіп, отандық профессорлар дәрісі университетіміздің Ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызының «Ұстаздардың кәсібилігі мен көшбасшылығы» атты дәрісімен басталды.
Наурыз-сәуір айында «Академиялық бостандық – жауапкершілік пен оның салдары» атты тақырыпта Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Жұманқұлова Еркін Нұрсағатқызы мен қонақ дәрістерді Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ЖОО студенттеріне арналған «Қазақстан тарихы» оқу құралдарының авторы Кан Георгий Васильевич және «Еуразия кеңістігіндегі жоғары білім берудің даму тенденциялары және мәдениеттердің жақындасуы: перспективалар мен құндылықтар» тақырыбында Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Айдарбеков Зейнабил Смаилханұлы өткізді.
Сонымен қатар, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының профессорлық-оқытушылық құрамынан Беймишева Айгүл Сейтжанқызы «Еуразиялық кеңістіктегі орта білім беру жүйесіндегі мүмкіндіктер теңсіздігі» тақырыбында дәріс оқып, Аксакалова Мадина Кенжебкқызы «Еуразиялық қоғамдастығындағы саяси сын-қатерлер мен тұрақсыздық факторлары» атты дәрісінде қазіргі геосаясаттың, халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін, Еуразиядағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастырды. Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Калиева Алия Айболатқызы Еуразия елдерінің әлеуметтік саясатын дамыту шарттарын талқылады.
Курстың соңғы дәрісін «Еуразия қоры (Азиядан)» қорының президенті Йоджи Сато мырза онлайн форматта өткізді. Дәріс басында Йоджи Сато мырза әлемнің 58 мемлекетінде 566 университетте өтіп жатқан осы дәрістердің және Еуразия қорының басты мақсатын түсіндірді. Профессорлардың әр түрлі саладағы дәрістері арқылы Еуразия қоры студенттердің дүниежүзілік тарихты, мәдениетті, дінді, саясатты және экономиканы түсінуіне қолдау көрсетіп, әлемдегі қақтығыстарды жою, үйлесімді әрі бейбіт қоғам құру мен университеттердің өзара ынтымақтастығына үлес қосуда. Сато мырза өз дәрісінде дұрыс дүниетаным, әмбебап, табиғи заңдылықтар, тұтастықтың болуы, ақиқат алдында халықтарға, діндерге, саясат пен экономикаға, капитализм, социализм, коммунизмге, бай мен кедейдің арасындағы алшақтыққа және басқа да мәселелерге қатысты ой толғап, студенттерге жаһандану процесін тереңірек оқып түсінуге, соның ішінде жасанды интеллект (AI), кванттық компьютер мен кванттық қаржы жүйесі (QFS) ультрадыбыстық терапия капсуласы сияқты жаңа және заманауи инновациялық технологияларды үйрену маңыздылығын айтты.
Дәріс барысында білім алушылар «адам», «жеке тұлға», «өмір» концепциялары жайлы біраз ақпарат алып, қазіргі қоғам мәселелеріне үлкен қызығушылық танытты.
Дәрістен кейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы Йоджи Сато мырзаға танымдық дәрісі үшін және жалпы студенттердің білім алуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, өткен 15 апта бойы тыңдаған дәрістер бойынша курстық жұмыс жазып, белсенді қатысқан 80-нен астам студентке сертификаттарды табыстады.
Еуразия қорының президенті Йоджи Сато мырза да 15 апта бойы мерзімде дәрістерді өткізген оқытушы-профессорлық қауымның еңбектері зор екенін атап өтіп, курсты ұйымдастыруда көмек көрсетіп, қолдау жасаған университет басшылығына өз алғысын білдірді.
МЕДИА
Бөлісу: