«Egemen Qazaqstan» газетінде мақаласы жарық көрді
-
12 қараша, 2020
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде «Елбасы еңсесін тіктеген білім ордасы» атты мақаласы жарық көрді.
Мақалада Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық білім беру мен ғылымды дамытудағы орасан зор еңбегі мен қайраткерлік қарымы кеңінен баяндалған.
«Уақыт өтіп, заман өзгеріп жатыр. Бірақ дәуірлер қаншама алмасса да, білім мен ғылым ғана құнын жоймақ емес. Ал осы жолда қай елде болса да жауапкершіліктің ауыр жүгін түсіне біліп, оны көтере алатын, тәуекелшіл, елшіл һәм мемлекетшіл азаматтар болады. Ондай тұлғаларға тән кемел ақыл, терең ой, биік рух, қажырлы қайрат пен зор қабілет сан сынақтан шығудың қисынын тауып, елін өрге сүйреуге жол ашқан. Түркиялықтар Мұстафа Кемал Ататүрік, үнділер Джавахарлал Неру, сингапурлықтар Ли Куан Ю, малайзиялықтар Махатхир Мохамад сынды тұғырлы тұлғаларымен мақтанады. Олар өз елінің дамуында өшпес із қалдырды. Міне, осы қатарда заманның заңғар тұлғаларының бірі әрі бірегейі, көшбасшылық қасиетімен, өзіндік дара жолымен жаһанды мойындатқан саясаткер – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алар орны ерекше», – деп жазады Гаухар Алдамбергенова.
Сондай-ақ оқу орнының басшысы Елбасының Қыздар университетінің дамуына қосқан елеулі үлесіне де ерекше тоқталған.
«1944 жылы ашылған бірегей білім ұясының 90-жылдардың басында жабылуы мүмкін екендігі турасында ел арасында қауесет тарағаны рас. Десе де Елбасының тікелей қолдауының арқасында оқу орны жабылмай, білікті де білімді кадрларды даярлауды одан әрмен жалғастыруды қолға алды. Оқу орнының деңгейі уақыт ағымына сай өсіп, беделі артты. Институттан Ұлттық университет мәртебесіне көтерілді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің назарындағы Қыздар университетінің әлеуеті де заман ағымына сай жаңғыртылуда. Парасат мектебіне айналған қазыналы қарашаңырақ дамудың жаңа кезеңдеріне бағыт алып, уақыт сұранысына сай маман даярлаудың тың бағыттарына бет бұрды», – делінген ректор мақаласында.
Мақаланың толық нұсқасын «Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 6 қараша күнгі санынан немесе «Egemen.kz» сайтынан оқуға болады.
Сілтемесі: https://egemen.kz/article/254877-elbasy-enhsesin-tiktegen-bilim-ordasy
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Бөлісу: