«Tomiris» би ансамблі – халықаралық байқау жеңімпазы
-
06 қараша, 2020
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Tomiris» би ансамблі Испанияда өткен «Online Wave» халықаралық би фестивалінің жеңімпазы атанды.
Жаһандық жарыстың өтуіне «Fiestalonia Milenio» еуропалық ұйымы ұйытқы болды. Талантты жастарды анықтау, оларды бекзат өнерге баулу арқылы шығармашылық қарым-қабілетін дамытуды көздеген өнер сайысына әлемдегі жоғары оқу орындары жанындағы ансамбльдер мен жеке шығармашылық ұжымдар қатысып, бірнеше номинация бойынша бақтарын сынады.
«Tomiris» тобы екі кезеңнен тұратын фестивальдің алғашқы айналымында «Сылқылдақ» биін орындаса, екінші турда ансамбль мүшесі Дария Мұхитованың орындауындағы «Ортеке» биін көрермен назарына ұсынды.
Екі хореографиялық композицияның жалпы ұзақтығы – 5 минут. Сайысқа әлемдік деңгейде танымал өнер майталмандары қазылық жасады.
Конкурс барысында өнер ұжымдары кәсіби және әртістік орындаушылық шеберлігі, сахналық мәдениеті, би композициясының өзіндік ерекшелігі мен шығарманың көркемдік құндылығы бойынша бағаланды. Сонымен қатар музыкалық материалдардың сәйкестігі, бидің ұлттық негіздерінің шынайылығы және ұлттық стильдің үйлесімділігі де назарға алынды.
– «Қазақ би өнерінің ханшайымы» атанған Шара Жиенқұлованың бүгінгі ізбасарлары Қыздар университетінің «Tomiris» ансамблі жарыс барысында шеберліктерін толықтай паш етіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл – өз өнерлері арқылы бидің өміріндегі алар орыны мен әсерін шебер көрсете білген бойжеткендердің еңбегінің айқын нәтижесі, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Медет Ағабылов.
Байқау қорытындысы бойынша Дария Мұхитованың өнері қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, бірінші орынға лайық деп танылды. Ол «Fiestalonia Milenio» еуропалық ұйымының арнайы дипломымен марапатталды.
Айта кетейік, «Online Wave» халықаралық шығармашылық байқауы 16 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биылғы сайысқа әлемнің 37 елінен өнерпаздар қатысты.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Бөлісу: