Оңтүстік Корея профессоры Ким Индженің сапары



    • Оңтүстік Корея профессоры Ким Индженің сапары

       «Eurasia Foundation (from Asia)» жобасы аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне Донгук университетінің Ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры Ким Индже қонаққа келді.

      Профессор Ким Индже Линкольндегі Небраска университетін бітірген, қазіргі уақытта ақпараттық жүйелерді басқару және киберқауіпсіздік саласында зерттеулермен айналысады.

      Профессор өз дәрісінде ақпараттық технологиялардың жаһандық, аймақтық және жергілікті деңгейлердегі ақпарат ағындарын реттеу процесін, олардың техноқұрылымды қалыптастыру мен білім беру, әлеуметтік-саяси және мәдени саладағы қазіргі қолданысын түсіндірді.

      Дәріс барысында Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының студенттері жалпыға ортақ коммутациялық телефон желісінен бастап интернет пен бүкіл әлемді байланыстыратын корпоративтік жергілікті желілер, желілік инфрақұрылымның басты төрт функциясы туралы және әртүрлі типтегі желілерді қосу арқылы үлкен деректер мен ақпарат алмасу үшін қажетті стандарттау процесі туралы көптеген ақпарат алды.

      Дәріс соңында «Hyundai Heavy Industry» кеме жасау зауыты мен Оңтүстік Кореяның жетекші корпорацияларының бірі Самсунг мысалдары қарастырылды. Ақпараттық технологиялар терминологиясын түсінудегі қиындықтарға қарамастан, студенттеріміз әлемдегі жаһандық өзгерістерге қызығушылық таныта отыра, жоғары деңгейдегі ағылшын тілі қабілеттерін көрсетіп, киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер мен бүгінде жекелеген елдердің жалпы энергия қажеттіліктерінен асып түсетін деректер орталықтарындағы ақпаратты сақтау және беру үшін қажетті электр энергиясының шамадан тыс тұтынылуы жайлы өз пікірлерімен бөлісті.

      Дәрістен кейін студенттер профессор Ким Инджемен бірге фотосуретке түсіп, танымдық дәріс пен біздің университетке сапары үшін тікелей алғыстарын білдірді.

      Бөлісу: