Комплутенсе Мадрид университеті профессорының қонақ дәрісі



    • Комплутенсе Мадрид университеті профессорының қонақ дәрісі

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Eurasia Foundation (from Asia)» жапон қорының білім беру гранты бойынша «Еуразиялық қауымдастық: жаһандық білім және көшбасшылық» курсының алғашқы дәрісі Мадрид қаласының Комплутенсе университетінің профессоры Мария Асунсьон Лопес Варела Аскаратенің ашық қонақ дәрісімен  басталды.

      Комплутенсе университетінің профессоры Лопес Варела Асунсьон қазіргі уақытта ғылыми журналдың редакторы, Еуропалық Одақтың жетекші сарапшысы, сондай-ақ өз университетінде жапондық «Eurasia Foundation (from Asia)» қорының жоба жетекшісі ретінде жыл сайын «Еуропамен мәдениетаралық диалогтағы бірыңғай азиялық қауымдастық» курсын ұйымдастыруда.

      Профессордың дәрісі «Мез Бриздің экофеминистік интервенциялары» тақырыбында онлайн форматта өтіп, оған біздің университетіміздің 100-ден астам білім алушылары қатысты.

                Экофеминизм – бұл қазіргі қоғамның климаттық жағдайына, бүкіл әлемдегі әйелдердің құқықтары үшін күреске, тіпті австралиялық суретші әрі ақын Мез Бриздің қызметіне байланысты жиі айтылатын құбылыс. Оның шығармашылығы негізінде студенттер ағылшын тілін, поэтикалық конвенцияларды, бағдарламалық код пен заманауи қоғамдық ойларды және онлайн коммюникені біріктіру әрекеті болып табылатын жаңа «Mezangelle» онлайн тілі туралы біраз ақпарат алды.

      Профессор сонымен қатар Спиноза, Делуз және Латурдың неоматериалистік зерттеулері мен Джейн Беннеттің «Вибрациядағы материя» шығармасы негізінде көптеген мысалдар келтіріп, адам мен «қоршаған ортаның» біртұтас жүйелік байланысын көрсетті.

       Дәріс барысында білім алушылар электронды өнерге және қазіргі қоғам мәселелерін шешудің кешенді тәсіліне үлкен қызығушылық танытты. Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының студенттері танымды, жоғары кәсіби деңгейдегі профессордың қонақ дәрісіне үлкен алғыстарын білдірді.

      Бөлісу: