Айша Ракишева – университет мақтанышы



    • Айша  Ракишева – университет мақтанышы

      Қуанышты  жаңалық!  АҚШ-та  өтіп жатқан ХХХІ  халықаралық  Универсиада  ойындарында  Әйелдер арасындағы командалық шаңғы жарысында отандастарымыз үшінші орын алды.  Команда  құрамында университетіміздің  дене шынықтыру  және  спорт кафедрасының  студенті  Айша  Ракишева  бар.

      Жақында  ғана   Халықаралық студенттік  Универсиадаға еліміздің атынан  бақ сынауға  аттанған спортшылар қатарында  студентіміз Айша  Ракишева  атты  студентіміз бар екнін хабарлап   ақпарат берген болатынбыз.  Енді  міне, үкілеген үмітті  ақтап,  Айша  қыздан сонау  теңіздің ар жағынан  сүйінші  жаңалық жетті.  АҚШ-та өтіп жатқан ХХХІ Қысқы Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына қола жүлде түсті. Әйелдер арасындағы командалық шаңғы жарысында (3х5км). Ел намысын Айша Ракишева, Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина абыроймен қорғап  шықты.

                                                                                     

      Айша - шаңғы жарысы бойынша Халықаралық спорт шебері, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының мүшесі және ең жылдам спортшылардың қатарындағы болашағы зор дарынды жастардың  бірі. Оның қоржынында Швейцарияның Лозанна қаласында өткен Олимпиада ойындары, 2020 жылғы Азия чемпионаты, «Азия балалары» атты I қысқы ойындары және Қазақстандағы шаңғы жарыстарындағы көптеген жеңістер болды. Ал енді әлемнің 56 елінен 11 000-нан астам студент қатысқан XXXI Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың жүлделі орнын да жеңіп алды.Әзірге Қазақстан құрамасының еншісінде 3 алтын, 2 қола жүлде бар. Қола  жүлденің  екіншісі  де  осы  шаңғы  жарысынан.  Ол  жарыста  шаңғышылар 15 шақырымдық жаппай стартпен жарысқан.  

      Ел намысын абыроймен  қорғаған әйелдер құрамасында   Қазақстан атынан алты спортшы қатысты: Ксения Шалыгина, Надежда Степашкина, Лаура Қыныбаева, Айша Рақышева, Анастасия Ротова және Мария Люфт. Олардың ішінде ең жақсы нәтижені Ксения Шалыгина көрсетті – ол көшбасшыдан 11,7 секундқа қалып, қола жүлдені жеңіп алды.

                                                                                     

      Қазақстандық шаңғышылардың нәтижесі: Ксения Шалыгина 3, Надежда Степашкина 6, Лаура Киныбаева 25, Айша Рақышева 30, Анастасия Ротова 33 және Мария Люфт 47-орын алды. Ел намысын қорғар дүлділ додаларда  мүйізі  қарағайдай  спортшылармен  қатар өнер көрсетіп жүрген қаршадай  қызымыз Айшаның  жеткен  жетістігіне  барша  университет ұжымы,  ұстаздары  мен  бірге  оқитын топтастары  да  қуанып,  ізгі  тілектерін білдіруде. Универсиада жарысы  аяқталысымен,  Айша  АҚШ елінен  бірден  Канаданың  батысындағы   Ванкувер қаласында  өтетін ересектер арасындағы  әлемдік чемпионатқа  аттанбақ.  Айшадан алдағы  уақытта  тағы  да  үздік  нәтиже  күтеміз! Жарыс  жолында  жасыма! Шаңғың  шалынбасын дегіміз келеді!

      Бөлісу: