Тәуелсіздік күні аталап өтті
-
13 желтоқсан, 2022
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Желбірей бер, Тәуелсіздік байрағы» атты концерттік бағдарлама болып өтті.
Мерекелік іс - шара Мемлекеттік Әнұранмен басталып, «Томирис» би тобының «Шашу» биімен ашылды.
Алғашқы сөз кезегін Университеттің Басқарма Төрағасы–Ректор Гүлмира Қанай алып, атаулы күннің маңыздылығына тоқталып, оқытушы құрам мен қызметкерлерді, білім алушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
- Еліміздің тарихындағы, жалпы ел болып қалыптасуымыздағы ерекше мейрамдардың бірі Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Бізге тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Терең тарихты ел болсақ та, тәуелсіздік үшін күресуімізге тура келді. Тәуелсіздік ешкімге мұра болып берілмейді. Тәуелсіздік үшін әрдайым күресуіміз керек. Біздің миссиямыз – білім беру саласында болсын, жанұямызда болсын, қоғамда болсын бейбітшілікті дәріптеу. Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтау. Еліміздің Тәуелсіздігі, бейбітшілігі мәңгілік болғай! Барлықтарыңызға баянды бақыт, бірлік, еңбектеріңізге табыс, сәтттілік тілеймін! – деп атап өтті Университет басшысы.
Сонымен қатар, оқу орнының дамуына қосқан зор үлесі мен белсенді қызметі үшін бірқатар профессор-оқытушы мен қызметкерді Басқарма Төрағасы өз атынан «Алғыс хатпен» марапаттады.
Мерейлі мереке әдеттегідей университетіміздің студенттері мен ұстаздарынан құралған «Ұлар» Этно-фольклорлық ансамблінің, «Томирис» би тобының, Музыка, Арт Менеджмен кафедрасының ұстаздарының жеке орындауындағы патриоттық әндермен жалғасын тауып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бөлісу: