QyzPU түлектерінің 40 жылдық кездесуі өтті



    • QyzPU түлектерінің  40 жылдық кездесуі өтті

      АЛМАТЫ. 11 МАУСЫМ. БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің  филология  факультетін 1982 жылы  тәмәмдаған  бір топ түлектер өздерін  білім  нәрімен  сусындатқан қара  шаңырақ астында  40 жылдан соң  қайта  қауышып,  дидарласты.   

      1977 жылы   университеттің  филология  факультетіне   түсіп,  сол кездегі  Мичурин көшесі 15 үйдегі  жатахананың  13,-18,107-112 бөлмелерінде    тұрған 25 қыз 1982 жылы  оқу  орнын тәмәмдап, еліміздің  әр өңіріне  армандарын арқалап, педагог болып қызметке  орналасып,  өз жолдарымен кеткен. 

      Топтас  қыздардың тек  бес-алтауы  ғана  белсенді  араласып, тығыз қарым-қатынаста болған. Ал 40 жылдық кездесуге орай араларындағы осы  белсенді  топ  7-8 ай  бойы  әлеуметтік  желі, байланыс  құралдары , тіпті  зейнеткерлер базасына іздеу  беру  арқылы  25 қыздың ішіндегі  хабарсыз кеткендерін түгел тауып, байланысқа  шыққан.    

      Әр қайсысы туралы   ақпаратты,  өмір жолын,  бір жерге  жинақтау  үшін «Встреча  через 40 лет.  И жизнь. И слезы. И любовь...» атты  естелік  кітапша  шығарып таратқан. 

      Кітапшадағы   ақпаратқа  сүйенсек, 40 жыл бұрын университетті  аяқтаған түлектер  Орал,  Ақтөбе,  Атырау, Өскемен,  Шымкент,  Тараз,  Жезқазған, Павлодар, Астана,  Алматы  қалаларында,  Солтүстік  Қазақстан,  Қарағанды  облыстарында  тұрып,  өсіп-өніп, қызмет атқарған.  Олардың  ішінде  40 жыл бойы  ғұмырын ұстаздыққа  арнағандары,  мектеп  директоры  болғандары  да, зейнетке  шықса  да  әлі ұстаздық қызмет атқарып жүргендері де бар.  Сонымен  қатар  заман ағымымен бизнес  саласына  кетіп  және  мамандығын ауыстырып Қазақстанның еңбек  сіңірген өнер  қайраткері,   полиция майоры шеніндегі  заң  қызметкері атанғандары да  бар.

      – Топтастарымыздың  бесеуі  өкінішке  орай  өмірден  озған. Олардың   бала-шағаларымен байланыстамыз. Шығарған кітаптарымызды поштамен жібердік.  Әр бетінде  қыздарымыздың  өздері  жайлы жазған  эсселері, оларға арналған арнаулары басылған. Бізді  үлкен  өмірге  дайындаған альма-матеріміз  Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетіне  алғысымыз шексіз. Кеңес  үкіметінің  заманында  білім  алған біз өз еліміздің тәуелсіздік алғанына,   оқу  ордамыздың  «ұлттық» деген статус  алғанына  разымыз.  Болашағы жарқын болатынына  сенімдіміз! – дейді  кездесудің  ұйымдастырушы,  естелік кітаптың  құрастырушысы Агажаева  Ляйла  Аусагировна.

      Кездесуге  келген түлектер  өздерін  білім нәрімен сусындатқан,  тәрбие  берген   ұстаздарына, жетекшілеріне олардың  талапшыл,  адал қасиеттеріне  бас иіп,   маман ретінде  қалыптасып,  өмірлік  жолдарын адаспай  тауып кетулеріне  себепші  болғаны  үшін, сонымен  қатар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің  барша  ұжымына  адал қызметтері  үшін, денсаулық,  мол бақыт  тілеп, алғыс  хатпен  марапаттап, ризашылықтарын білдірді.  Қазақстаннның  әр өңірінен келген соң,  университет кітапханасына  өз өңірлері жайлы  ақпаратты  иллюстрациялық альбомын сыйға  тартып, орыс  тілі  кафедрасының  меңгерушісі  Эленора ханымға   аманттап тапсырды.

      Р/S  40 жыл бұрын университет  бітіріп,  өз оқу  ордасын,  ұстаздарын ұмытпай,  іздеп , еске алып,  құрмет көрсетіп жатқан түлектердің  өмір  жолдары мен  жетістіктері  жақын арада  дипломдарын қолдарына алып,  ұстаздық жолға,  үлкен  өмір жолына  аяқ басқалы  тұрған жас  маман қыздарымызға  үлгі-өнеге,  күш-қуат  беріп,  жігерлендіреді  деген сенімдеміз!

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті   

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05                

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz            

      Бөлісу: