Г. Алдамбергенова: «Ғылым – түркі дүниесіне ортақ құндылық»



    • Г. Алдамбергенова: «Ғылым – түркі дүниесіне ортақ құндылық»

      Түркі дүниесіне ортақ құндылықтың бірі де бірегейі – ғылым. Түбі бір туысқан халықтардың төл тарихына үңілер болсақ, түркі әлемінен шыққан ғалымдар әлемдік ғылымның шамшырағын жағып, жаһандық өркениеттің өрістеуіне елеулі үлес қосты. Бұл туралы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумының ашылу рәсімінде айтты.

      «Екінші ұстаз» ретінде танылған, биыл 1150 жылдығын атап өтіп отырған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз орта ғасырда Қазақ еліндегі Отырар қаласында философия, математика, өнер және әдебиет саласы бойынша 150-ге жуық ғылыми еңбек жазды. Ұлы ойшылдың құнды трактаттары әлі күнге дейін өзінің мәні мен маңызын жойған жоқ. Ал күллі түркі әлемінің рухани көсемі Қожа Ахмет Иассауи Түркістан қаласында өмір сүріп, діни ілім таратқан. Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Әбу Райхан әл-Бируни, Ахмет Иүгінеки сынды ғалымдар тек түркі дүниесінің ғана емес, сонымен қатар әлемдік ғылымда да өзіндік дара қолтаңбаларын қалдырды», – деді өз сөзінде Қыздар университетінің басшысы.

      Оның ойынша, Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы бабадан балаға жалғасып келе жатқан алтын арқауды үзбеуді мақсат тұтып, тегі бір, тамыры ортақ туыстас халықтардың ғылымдағы өзара ынтымақтастығын одан әрмен нығайтады.

      «Ағартушы Исмаил Гаспринскийдің «Тілде, пікірде, істе – бірлік» деген ұлағатқа айналған сөзінің өміршеңдігі айқын дәлелденуде. Түркі әлеміне ортақ тұлғаның орамды ойының іске асуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұйытқы болды. Расында да, қазіргі күнде аумалы-төкпелі заманның бел ортасында тұрған түркі халықтарының ортақ мүддесі арқылы туысқан елдердің тыныштығы мен бірлігін сақтап, бауырлас жұрттың достығын нығайтуға ерекше назар аударылып отыр. Сан қилы жүз пікірден, ортақтасып ойласқан пайымды бір пікір артық. Дәстүрге айналған симпозиумның да басты мақсаты осы. Тілегі мен ниеті, ойы мен тойы бір ағайынның ортақ сұхбат алаңын құру. Келелі кеңес құрып, жаңашыл жаңалыққа жол ашу», – деді Гаухар Алдамбергенова.

      ҚызПУ ректоры түбі бір түркі мемлекеттері тәуелсіздік алып, бабалар арманы шындыққа айналғандығын атап өтті. Бұл өзгерістер – жаңа саяси-экономикалық және мәдени кеңістіктің пайда болуына жол ашты. Бүгінде Қазақстан туысқан халықтар ынтымақтастығының нығаюына негізгі ұйытқы болып келеді. Бұған негіз де жоқ емес. Өйткені, Қазақ жері – ежелден Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны жалғайтын алтын көпір саналып келген.

      «Күлтегін бабамыз аманат етіп қалдырған түркі халқының мәңгі мақсат-мұраттарын көздейтін «Тұтас түрік елі» идеясы бүгінде жаңа белеске көтерілді. Соның нақты айғағындай болып отырған Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерінің, тілі мен әдебиетінің дамуына үлес қосуды көздейді. Бұл – түркі өркениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болады деп сенемін», – деді өз сөзінде оқу орнының басшысы.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: