Ғылым апталығы аясында QyzPU ректоры workshop өткізді
-
19 сәуір, 2022
АЛМАТЫ. 19 СӘУІР. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы - Ректор Гүлмира Қанай «Әлеуметтік ықпалға бағытталған зерттеу: іс-әрекеттегі зерттеуді жүргізудің ерекшеліктері» тақырыбында студенттерге, докторанттар мен магистранттарға, профессор оқытушыларға арнап дәріс оқыды.
PhD докторы Гүлмира Қанай: «Іс –әрекеттегі зерттеу дегеніміз – зерттеушінің өз тәжірибесін зерттеуі арқылы өзінің, ұйымның, жүйенің және қоғамның дамуына ықпал ету мақсатында жүргізілетін зерттеудің түрі» деген анықтама бере отырып, оның маңыздылығы мен тиімділігіне тереңірек тоқталды.
Сонымен қатар, зерттеудің түрлеріне, оның ішінде сыни-қатыспалы іс-әрекеттегі зерттеуді жүргізудің мысалы ретінде «Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығын дамыту» тақырыбындағы өз зерттеуінің даму жолымен таныстырды. Өз жинаған тәжірибесімен бөлісті.
Нәтижесінде зерттеу нысанына алынған Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Көкшетеу қалаларындағы мектептерге жүргізілген зерттеулер нәтижесінде арнайы бағдарлама іске асып, бүгінгі таңда ол жердегі ұстаздар көшбасшылығының артуына ықпал еткендігі сөз болды.
Танымдық дәріс осы тақырыпқа ұқсас кандидаттық, докторлық диссертацияларын жазып жүрген, қорғауға дайындалып жүрген тыңдаушы қауымның көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алуға, ой бөлісіп, ортақ әңгіме құруға тамаша мүмкіндік берді.
«Ғылым апталығы» аясында 22 сәуірге дейін еліміздің және шетелдік жоғарғы оқу орнының профессор, ғылым кандидаттарымен тың тақырыптарда қызықты дәрістер легі жалғасатынын хабарлаймыз!
Коммуникация және маркетинг департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: