Арапбаева Маржан Өмірзаққызы

      • Арапбаева Маржан Өмірзаққызы</a>
        • Арапбаева Маржан Өмірзаққызы
        • эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

        • Мансап
      Арапбаева Маржан Өмірзаққызы

      Маржан Арапбаева 1978 жылғы 6 ақпанда қазіргі Түркістан облысының Бәйдібек ауданында дүниеге келген. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыкалық білім факультетіне (қазіргі Өнер және мәдениет факультеті) оқуға түсіп, оқу орнын 1999 жылы бітіреді. Еңбек жолын 2000 жылдары орта мектептің мұғалімдігінен бастаған. Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігіне қарасты ішкі әскерлер ансамблінің және Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік филармонияның әншісі болып еңбек еткен. 

      Оқу орнының қабырғасында білім ала жүріп, орындаушылық шеберлігінің арқасында көптеген қалалық, республикалық іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Ол ең алғаш рет сахнада 1992 жылы «Әнші балапан» конкурсы кезінде шықты.

      «Мектепте де, институтта да мені ешкім әнші ретінде таныған жоқ. Қыздар институтында оқып жүріп, көп концертке, кастингке қатысатынмын. Бірақ, ылғи «жаман емес, дайындық керек» деп жылы шығарып салатын. Оқу орнында КВН ойындарына белсенді қатыстым. Қыздардан құралған команданың капитаны да болдым. Оқуды бітірген соң мектепте бір жылдай мұғалім болып жұмыс істедім. Бастауыш сыныптарға музыка пәнінен сабақ беретінмін. Домбыра, вокал үйірмелеріне жетекшілік еттім. Балалармен жұмыс істеген өте қатты ұнайтын. Бірақ, ылғи бірдеңе жетпей тұратын… Үлкен сахнаны аңсайтынмын...», – дейді әнші.

      Өнерпаз 2002 жылы республикалық «Жас қанат» байқауының дипломанты атанып, сол уақыттан бастап көзіқарақты көпшілік қауымға таныла бастады. Сонымен қатар ол 2004 жылы «Азия дауысы» халықаралық ән байқауында Ресейдің Халық әртісі Николай Басковпен дуэт орындап, Қазақстан Республикасының Президентінің атынан арнайы сыйлық және «Жылдың үздік әні» номинациясын иеленді. Дәл осы жылы «Жаңа толқын» халықаралық конкурсының екінші орынды қанжығасына байлады.

      2003 жылы Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында қазақ әндері бойынша бірінші конкурс ұйымдастырылды. Аталған байқауда өз өнерімен көпшілікті таңғалдырған әнші жүзден – жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Байқаудан соң бұқаралық ақпарат құралдарында шынайы талант туралы кеңінен айтыла бастады. М. Арапбаева XIV «Азия дауысы» фестивалінің лауреаты атанып, Қытайдың Шанхай қаласында жас әншілерге арналған байқау қорытындысы бойынша жеңіске жетті. Бұл өнер байқауларындағы жеңіс оған толағай табыстарға жол ашты.

      2004 жылы Маржан Арапбаева «Витебск» эстрада әншілеріне арналған фестиваль қорытындысы бойынша екінші орынға ие болды. Жеке шығармашылығын шыңдау жолында үздіксіз жұмыс істеген Арапбаева 2007 жылы «Кеш жарық, Астана» шоу-бағдарламасының қатысушысы ретінде өз әндерін жұртшылыққа ұсына бастады.

      Өнерпаздың әндері сезім мен махаббатқа құрылған. Атап айтқанда, М. Арапбаеваның орындауындағы «Сәлем саған туған ел», «Соңғы вальс», «Қазақстаным», «Гүл сезім», «Арманыма асығып барамын», «Сол ма?», «Иә, солай», «Сен мықтысың», «Өкінішті сезім», «Қазақ елі», «Жасасын өмір», «Қыздар мен жігіттер», «Сен едің», «Мазалама», «Сүйемін сені», «Jete me» сынды көптеген әндері халық арасында кеңінен тараған. Сонымен қатар әншінің Қайрат Баекенов пен Сәкен Майғазиевпен дуэттері тыңдармандар тарапынан оң бағаланды.

      Маржан Арапбаева – танымал эстрада әншісі, композитор, Халықаралық, республикалық ән байқауларының жүлдегері. Ол 2017 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталған.