«Қуатты мемлекет» концептісінің тілдік репрезентанттары
-
04 сәуір, 2025
Құрметті QyzPU ұжымы, магистранттар және PhD докторанттар! Сіздерді 8 сәуір күні өтетін «Қуатты мемлекет» концептісінің тілдік репрезентанттары туралы қонақ дәріске қатысуға шақырамыз!
Дәрісті Ұлттық құрылтай мүшесі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Фазылжанва Анар Мұратқызы жүргізеді.
Бұл шара 2025 жылы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөйлеген сөзіндегі негізгі идея – «Қуатты мемлекет» концептісінің тілдік көріністеріне арналады.
Дәріс интерактивті форматта өтеді.
Іс-шара барысында қатысушыларға «Қуатты мемлекет» концептісінің тілдік өрісін анықтау мақсатында блиц-сауалнама жүргізіледі. Сауалнама нәтижелері дәріс аудиториясымен бірге талқыланып, аталған концептіні тілде бейнелейтін лексика-фразеологиялық бірліктердің астарында жатқан жалпы адамзаттық, ұлттық және халықтық білім жүйесіне талдау жасалады.
Сондай-ақ дәріскер Президенттің Ұлттық құрылтайда көтерген тіл мәселесіне қатысты тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының атқарып жатқан іргелі және қолданбалы зерттеулер нәтижелеріне – монографиялар, сөздіктер, анықтамалықтар мен цифрлық ресурстарға қысқаша шолу жасайды. Цифрлық ресурстарды қолдану жолдары мен олардың тиімділігі де түсіндіріледі.
Аталған ғылыми-әдістемелік еңбектер тек дәріске қатысушылар үшін ғана емес, сонымен қатар қалың жұртшылықтың тілтанымдық сұраныстарын қанағаттандыруға арналған маңызды құралдардың бірі.
Бұл дәріс тек тіл мамандарына ғана емес, ұлттық руханият пен тіл болашағына бейжай қарамайтын кез келген тыңдаушы үшін мәні зор танымдық шара болмақ.
Күні: 8 сәуір 2025 жыл
Уақыты: 10:00
Өтетін орны: Қайсар тауэр оқу ғимараты, 306 дәрісханаБөлісу: