QYZPU-да ұлыстың ұлы күні аталып өтті



    • QYZPU-да ұлыстың ұлы күні аталып өтті

      АЛМАТЫ. 1 СӘУІР. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде  ұлттығымызды  ұлықтайтын «Наурыз-думан, наурыз-жыр» атты  мерекелік  той  думан болып өтті.

      Ықылым заманнан ынтымақтың, береке-бірліктің бастауы болған – Наурыз мейрамымен  бірге  жаңа жыл,  жаңа  леп келетіні  аян. Бүгінгі  Наурыз тойы да өзіндік ерекшелігімен айқындалды.  Биылғы барыс  жылын Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялауына  орай,  іс-шара аясында  «Бақытты балалық шақ» атты  сурет салу сайысының ұйымдастырылуы мереке  көркін ашты.

      Мәдени шара Қызыр бабаның  ақ батасымен,  ән мен биден  шашу  шашып, университет түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы  Османова  мен университеттің  басқарма  Төрағасы – Ректор Гүлмира  Қанайдың құттықтау  сөзімен  ашылды.

      Сонымен қатар мереке думанға  жоғарғы  оқу  орны  ректорлары,   қала әкімшілігінің  өкілдері және  тамыры  бір туысқан ел Түркия  республикасының  Бас  Консулы да келіп құттықтап,  мерекеге  арнайы  дайындалған концерттік  бағдарламаны  тамашалап, ақ дастарханнан дәм  татты. 

      Әр институт сахна  төрінде  қазақтың   «Айттыру», «Ұрын бару», «Сырға салу», «Бесікке салу», «Тұсау кесу» секілді  салт-дәстүр рәсімдерінен  театрланған қойылым  қойып, көрерменді  ұлттық құндылықтарымызбен  сусындатты. 

      Университет алаңында әр ұжымының ұлттық тағамдардан арнайы  дайындалған ас  мәзірлері дайындалып,  «Тоғыз құмалақ», «Тымақ ату», «Асық ату» секілді  ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өткізілді.

      Жазғы  алаң  сахнасына  QyzPU студенттерінен өзге  Алматы  қаласының  колледж студенттері де  этно стильдегі  сән үлгілері мен  қойылымдар қойып, көрермендер көзайымына  айналды. 

      Наурыз тойында  мектеп,  колледж, университет студенттері  би билеп,  ән салып,  спорттық жарыстарға  қатысып,  керемет  көңіл- күйге  бөленді.

      Әлемді  жайлаған індеттен кейін халқымыз Наурыз тойын сағынып  күткені  белгілі. Бүгінгі  думан да  бір-бірін көптен көрмеген жұрттың қол алысып, жүздесуіне,   амандық-саулық сұрасып, көрісуіне  мүмкіндік  тудырған күн болды.

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті  

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05               

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz           

      Бөлісу: