Эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды



    • Эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды

      АЛМАТЫ. 18 АҚПАН. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Студенттердің шығармашылық дағдыларын дамыту – болашақ мамандардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Осы мақсатта QyzPU University білім алушылары арасында «Неге ұстаз болғым келеді?» тақырыбында эссе байқауы ұйымдастырылған болатын. Бүгін тұңғыш рет ұйымдастырылған шығармашылық сайыстың жеңімпаздары марапатталды.

      Рәсімді Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай алғы сөзбен ашып, байқауға қатысқан студенттерге алғысын жеткізді.

      «Неге ұстаз болғым келеді?» тақырыбындағы эссе байқауының басты мақсаты – педагог мәртебесінің болашақ мамандар арасында артуына ықпал ету, білім алушылардың шығармашылық, зерттеушілік және ойлау қабілетін дамыту. Сіздердің шығармашылық байқауға қатысуға ниет білдіріп, ынта-ықылас танытқандарыңыздың өзі көп нәрсені білдіреді. Қоғамға адал қызмет ету – әрбір көзі ашық азаматтың парызы. Бұл орайда Сіздерге, болашақ педагогтарға жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр. Баршаңызға сәттілік тілейміз, – деп атап өтті Гүлмира Қанай.

      Сондай-ақ оқу орнының басшысы эссе жанрының ерекшелігі мен оның жазылу мақсатына және жазылу тәртібіне тоқталып, арнайы презентация жасады.

      Ал филология ғылымдарының кандидаты, «Эссе және оның түрлері», «Академиялық жазылым» кітаптарының авторы Еділбай Оспанов өз еңбегінің таныстырылымын жасап, кітаптың басты ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар ол студенттер назарына «Эссе: шеберлік пен үйлесімділік» тақырыбындағы презентациясын ұсынды.

      – Білім алушыны тексеру үшін ауызша және жазбаша түрде түрлі тапсырмалар қолданылатыны белгілі. Осы орайда студенттің қаншалықты білімді игергендігін, тақырыпты меңгергендігін, тақырыпқа қатысты көзқарасын білу мақсатында жазбаша жұмыстар жаздыру жоғары оқу орындарында кеңінен қолданылады. Ең бастысы – эсселер академиялық бағытта жазылуы талап етіледі. Академиялық эссе жазу барысында автор өз ұстанымын, идеясын жүйелі түрде жаза отырып, пікіріне қатысты дәлелдер мен дәйектер келтіруі тиіс, – деді Еділбай Оспанов.

      Оның айтуынша, эссеге қойылатын негізгі талап – белгілі бір тақырыпты, мәселені талдау, сипаттау және бағалау болса, негізгі мақсаты – тақырыпқа байланысты өз білімін көрсету және сұраққа берілген жауаптың дұрыстығына оқырманын сендіре білу болып табылады.

      Іс-шара барысында байқауға келіп түскен жұмыстарды бағалау критерийлері туралы сарапшылар да өз пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы, профессор Мереке Атабаева, QyzPU-дың Қазақ тілі және әлем тілдері институтының директоры Айнұр Суранчина шығармаларды тексеру барысындағы назар аударатын мәселелерге жан-жақты тоқталды.

      Арнайы құрылған қазылар алқасының шешімі бойынша «Арнайы педагогика» мамандығының 2-курс студенті Сымбат Шалдарбектің шығармасы үздік деп танылды.

      Ал екінші орын «Биология» мамандығының 2-курс студенттері Шахсанем Аралбаева мен Аружан Кулбаеваға берілді.

      Үшінші орынға «Дефектология» мамандығының 2-курс студенті Сәния Адырбай, «Биология» мамандығының 2-курс студенті Саяжан Аймұхамбетова мен «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептегі қазақ әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті Назерке Мұқаштың шығармалары лайық деп танылды.

      Жеңімпаздар QyzPU University Басқарма төрағасы – Ректордың дипломдарымен және арнайы сыйлығымен марапатталды.

      Сонымен қатар өзгелерден жоғары нәтиже көрсеткен 10 студенттің жұмысы да аталып өтіп, олар арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

      Айта кетейік, байқауға 164 студент қатысты. Үздік шығармалар Университеттің ресми-интернет ресурсы мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz         

      Бөлісу: