Алдағы жылға бағдар мен жоспар жасалды
-
29 желтоқсан, 2021
АЛМАТЫ. 29 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Биылғы жылы Университетте не істелді? Қандай жетістікке жеттік? Нендей өзгерістер болды? Алдағы жылғы бағдар қандай болмақ? Не нәрсеге басымдық берген дұрыс? Бүгін осы сауалдарға жан-жақты талқылау мақсатында Басқарма мүшелері институт директорлары мен білім беру бағдарламасының көшбасшыларымен кездесті.
Басқосуды Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай ашып, Университетте 2021 жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасады.
– Биылғы жылдың мамыр айында 10 білім беру бағдарламасы ACQUIN (Германия) агенттігінің реаккредитациядан сәтті өтті. Сондай-ақ Халықаралық QS University Rankings: Emerging Europe & Central Asia 2022 рейтингінде Университет TOP-400 үздік жоғары оқу орнының санатына енді. 2021-2022 оқу жылында Университетке колледж, бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша 3 802 білім алушы қабылданды. Педагогикалық мамандықтарға түскен талапкерлердің саны өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары, – деп атап өтті Гүлмира Қанай.
Сондай-ақ Университет ректоры жаңа оқу жылынан бастап қолға алынған құрылымдық өзгерістерге де тоқталып өтті. Ол өз сөзінде профессор-оқытушылардың еңбекақысының өсу көрсеткішіне де тоқталды.
– Биылғы оқу жылынан бастап Университет оқытушыларының еңбекақысы 30 пайызға артты. Соның ішінде 2021 жылдың қазан айынан бастап кафедра меңгерушісінің еңбекақысы 264 мың теңгеден – 410 мыңға, профессордың еңбекақысы 236 521 теңгеден – 400 мыңға, қауымдастырылған профессордың еңбекақысы 188 515 теңгеден – 260 мыңға, аға оқытушының еңбекақысы 184 мың теңгеден – 230 мыңға, оқытушының еңбекақысы 169 мың теңгеден – 200 мың теңгеге артты. Алдағы жылдары да еңбекақы мөлшері кезең-кезең бойынша өсіп отырмақ, – деді Гүлмира Қанай.
Кездесуде Басқарма төрағасы – Ректордың кеңесшісі Нұрғали Аршабеков, Академиялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Жұманқұлова, Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Закир Жұмақұлов, Стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жанар Рысбекова және Инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Жақсылық Абдрашев өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарға шолу жасап, алдағы жоспарларымен таныстырды.
Сонымен қатар басқосуда институт директорлары да сөз сөйлеп, ағымдағы оқу жылында қол жеткізген көрсеткіштерімен таныстырды. Алдағы мақсаттары туралы баяндап, Университет басшылығына қолдаулары үшін алғыстарын білдірді.
Жиынды Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай қорытындылап, алдағы жылға жоспарланған жұмыстарды нәтижелі жүзеге асыру үшін ұжымға сәттілік тіледі.
МЕДИА
Коммуникация және маркетинг департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: