Университет студенті каратэден 1-дан қара белбеу иегері атанды



    • Университет студенті каратэден 1-дан қара белбеу иегері атанды

      АЛМАТЫ. 8 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Университеттің спорттағы табысы тағы бір жүлдемен толықты. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1 курс студенті Нұрзия Назарова «Кёкусин Будокай Каратэ» республикалық Кубогінің күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ спорт шебері әлемдік деңгейдегі каратэден 1-дан қара белбеуге ие болды.

      Нұр-Сұлтан қаласында жалауын көтерген сайысқа еліміздің барлық аймағынан 100-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

      Жылына 4 рет ұйымдастырылатын Кубоктің мақсаты – каратэ спортынан үздіктерді анықтау, дарынды жастардың шеберлігін шыңдауға ықпал ету.

      Жарыс жолында Нұрзия Нұр-Сұлтан, Семей және Қарағанды қалаларынан келген спортшылармен кездесіп, тактикалық шеберлігінің арқасында қарсыластарынан басым түсті.

      Бойжеткен каратэмен 7 жылдан бері айналысады. Осы уақыт аралығында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанған.

      Нұрзияның алға қойған мақсаты – болашақта әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жеңіске жету. Сондай-ақ ол келешекте осы спорт түрінің елімізде дамуына өз үлесін қосып, жас спортшыларды дайындайтын арнайы спорт мектебін ашқысы келеді.

      – Каратэ тәннің жылдамдығын ғана емес, сондай-ақ сананың шапшаңдығын, яғни адамның ойлау қабілетін де дамытады. Бұл спорт түрі – төбелес емес, терең философия. Күш тек білекте ғана емес, ұстамдылық пен уақытты сезінуде. Осы қағидаттарды терең меңгергенде ғана адам жетістікке жетеді, – дейді Нұрзия Назарова.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: