Университет оқытушылары кәсіби біліктілігін арттырды
-
06 желтоқсан, 2021
АЛМАТЫ. 6 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Университеттің профессор-оқытушылары кәсіби біліктілігін арттыруда. Түркияның Башкент университетінің профессоры Сүйер Екер «Қазақ тіл білімі және түркітанудың ғылыми-теориялық мәселелері» тақырыбында 72 сағаттық арнайы курс өткізді.
Біліктілікті арттыру институты мен Қазақ филологиясы және әлем тілдері институтының ұйымдастыруымен өткен курсқа қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Курс барысында шетелдік әріптестермен өзара тәжірибе алмаса отырып, тыңдаушыларға қазақ тілінің түркі тілдерінің ішінде алатын орны, оның халық тілі болып қалыптасуы, даму кезеңдері жайлы жан-жақты мәліметтер берілді. Сондай-ақ білім беру технологияларын тиімді пайдалану, тілдік пәндер бойынша жағдаяттық тапсырмалардың үлгілері мен оларды салыстыра қолданудың тетіктері де қарастырылды.
Осы ретте айта кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанындағы Біліктілікті арттыру институты оқытушылар құрамының кәсіби білімі мен дағдыларын тереңдету мақсатында әр түрлі бағытта қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Институттың негізгі міндеттері – оқытудың жаңа технологиялары мен оқыту әдістерін білім беруге көшіру, Университеттің білім кеңістігін кеңейту, қосымша білім беру жүйесін жетілдіру, Қазақстандағы педагогикалық қауымдастық пен Университет қызметкерлеріне арналған профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыруды ұйымдастыру.
Еліміздегі мектеп мұғалімдерін әдістемелік қолдау да институттың басты мақсаттарының бірі.
Бүгінге дейін институтта 3000-нан астам педагог біліктілігін жетілдірген.
Маркетинг және коммуникациялар департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: