«Қазақстан мұғалімі» ұлттық байқауының финалистерімен воркшоп өтті



    • «Қазақстан мұғалімі» ұлттық байқауының финалистерімен воркшоп өтті

      АЛМАТЫ. 30 қараша. Баспасөз орталығы – «Неге ұстаз мамандығын таңдадым?» Осындай атаумен бүгін Университетте «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының иегерлерімен III аймақтық воркшоп өтті.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қоғамдық маңызды жобаларды дамыту қоры және «GL talimger» білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткен жиында Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай алғы сөзбен ашып, бастаманың маңызы туралы айтты.

      – Адами капиталды дамыту, сауатты білім беру – бұл мемлекет экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен өсуінің кепілі. Педагогтің ағартушы және тәлімгер ретіндегі міндеті одан да маңызды әлеуметтік рөлге ие болады. Біздің Университет Ұлттық сыйлықтың өткізілуін қолдаймыз.  Мұғалімдердің жетістіктері туралы айтуды, оларды көтермелеу мен ынталандыруды маңызды деп санаймыз, – деп атап өтті Университет ректоры.

      Ал Ұлттық байқауды ұйымдастырушы Қоғамдық маңызды жобаларды дамыту қорының төрағасы Ермек Мәжитов қордың басты миссиясы туралы айтты.

      – Біздің басты міндетіміз – азаматтық қоғамды дамытуға жәрдемдесу. «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығын өткізу шеңберінде барлық мүдделі тараптарға білім беру процестері мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әлеуметтік маңызы бар проблемаларды анықтауға, оны шешудің жолдарын педагогтердің тікелей қатысуымен әзірлеуге мүмкіндік беріледі, – деді Ермек Мәжитов.

      Сондай-ақ басқосуда «Қазақстан мұғалімі-2021» Ұлттық сыйлығының номинанттары: Алматы қаласындағы №42 мектебінің мұғалімі Алла Буренкова, бастауыш сынып мұғалімі Жанар Жақсылықова, Республика физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың мұғалімі Гүлнара Жакупова білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен педагог мәртебесін арттыру туралы тың ойларымен бөлісті. Сонымен қатар кездесуде Ұлттық байқаудың номинанттары, педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері де сөз сөйлеп, өз жобаларымен таныстырды.

      Осы ретте айта кетейік, «Қазақстан мұғалімі-2021» Ұлттық сыйлығының номинанттарының бірі – Ақниет Сандық. Бүгінде ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алуда. Біз алдағы уақытта талантты студент туралы толыққанды мәлімет беретін боламыз.

      Басқосудың екінші бөлімі сессияға жалғасты. Воркшопты «GL talimger» білім беру орталығының жетекшісі Ләззат Бөлебаева қорытындылап, маңызды мәселелер талқыланған жиынның маңызды болғанын атап өтті.

      МЕДИА

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: