Әйгілі биші шеберлік сыныбын өткізді
-
26 қараша, 2021
АЛМАТЫ. 26 қараша. Баспасөз орталығы – Би өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, профессор, өнертану кандидаты Тойған Ізім Университетте шеберлік сыныбын өткізді.
Тойған Ізім кәсіби сахнаға 17 жасында шығып, 27 жыл үздіксіз билеп, бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген білікті маман. Оның авторлығымен би өнеріне қатысты 57 ғылыми еңбек жарық көрген.
Екі күнге созылған шеберлік класында "Қазақ биін оқытудың теориясы мен әдістемесі" пәні бойынша анықтамалықты оқу процесіне енгізу бағытында жұмыстар атқарылды.
Сондай-ақ шара барысында өнертану магистрі, кәсіби хореограф Алмат Шәмшиев те өз тәжірибесімен бөлісті.
Мамандар шеберлік класының соңында түрлі қателіктерді жібермеу, ұжыммен қалай дұрыс жұмыс жасау керектігі туралы әңгімеледі. Олардың айтуынша, жоғары білімді хореограф ең алдымен білімді, кез келген бишіден әлдеқайда жоғары тұруы тиіс.
Айта кетейік, Тойған Ізім – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі. 1971 жылы сол кездегі Алматы эстрада-цирк өнері студиясын, 1999 жылы Алматы театр және кино институтын бітірген.
Ол «Шертер», «Сазген», «Алтынай» би ансамблдерінің құрамында жеке биші болып жемісті еңбек етті.
Бүгінде Қазақ ұлттық хореография академиясында оқытушылықпен айналысады.
Бірнеше халықаралық, республикалық бишілер байқауының жүлдегері.
МЕДИА
Маркетинг және коммуникациялар департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: