Танымал түлектер: Шәмша Беркімбаева
-
01 қараша, 2021
АЛМАТЫ. 1 қараша. Баспасөз орталығы – Қымбатты достар! Біз Университетіміздің танымал түлектерін танытуды жалғастырамыз.
Беркімбаева Шәмша Көпбайқызы – мемлекет және қоғам қайраткері, академик.
Шәмша Беркімбаева 1942 жылғы 10 қазанда Алматы облысының Қаскелең ауданында дүниеге келген.
1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін үздік бағамен бітірген.
Еңбек жолын 1966 жылы Алматы облысындағы Киров атындағы сегіз жылдық мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдігінен бастаған. 1968-1970 жылдары Алматы кооператив техникумының комсомол комитетінің хатшысы, 1970-1971 жылдары Алматы облыстық комсомол комитетінің бөлім басшысы, 1971-1977 жылдары Қаскелең аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1977-1987 жылдары Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.
Қайраткер-ғалым 1987-1989 жылдары Алматы қаласындағы №12 орта мектебінің директоры, 1989-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары, 1997-1999 жылдары Қырғыз Республикасындағы Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық Оқу басқармасының басшысы лауазымдарында жұмыс істеді.
Шәмша Беркімбаева Парламент Сенатының депутаты ретінде жоғары заң шығарушы орган жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуге көшудің бірден-бір бастамашысы болды. Бірте-бірте бұл үрдіс қалыптасты. Барлық депутаттар мемлекеттік тілде сұрақтар қойып, депутаттық сауалдар жасай бастады.
Ал Шәмша Беркімбаева Білім және ғылым министрі қызметін «Ауыл мектебі» бағдарламасын жүзеге асырудан бастады. «Ауыл мектебі» бағдарламасы тұңғыш рет үкімет деңгейінде қабылданып, сол мерзімде ауылда 226 мектеп салынды, жүздеген мектептер күрделі жөндеуден өткізіліп, химия, физика кабинеттері қайта жабдықталды. Шындығында 2002 жылы ауыл мектебі республика мектептерінің 77 пайызын құраса, оның 65 пайызы шағын комплектілі мектептер еді. Ш. Көпбайқызы ауыл мектебінің əлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен қатар, оқу сапасын да көтерді, мұғалімдердің білім дəрежесіне алаңдаушылық тудырып, біршама игі шараларды іске асыруға мұрындық болды. Ауыл мектептерінде қызмет етіп жүрген мұғалімдер сол жердің рухани тірегі болғандықтан, мектеп мұғалімдерінің білім сапасының көтерілуіне ерекше ден қойды. Қазақ тілі мен əдебиеті пəнінен сабақ беретін ауыл мұғалімдерінің 18,4 пайызы сол кезде басқа мамандық иелері екен. Осыған байланысты кадр мəселесі де бірте-бірте министрлік тарапынан қадағаланып шешілген еді. Сонымен қатар еліміздегі мектеп ғимараттары жөнделіп, жаңа құралдармен жабдықталды, жабылып қалған интернаттар қайта ашылып, мектептерде мұражайлар жұмыс істей бастады.
Шәмша Беркімбаева 2003-2011 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарды. Ол басқарған жылдары оқу орны бір сатыға көтеріліп, университет мәртебесін алды. Сонымен қатар Ш. Көпбайқызы оқу процесіне жетекшілік етумен қатар, əкімшілік-шаруашылық жұмыстарының, тəлім-тəрбие істерінің жаңаша жаңғыруына атсалысты. Сол кезде де ауыл мектебінен келген жастарды университетке көбірек тартты.
Сол жылдары университетте заманауи үлгідегі 9 қабатты 450 орындық «Студенттер үйі» салынып, оқу ғимараттары, жатақханалар мен асханаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бакалавриат мамандықтарының саны артып, магистратура ашылды. Оқу зертханалары жаңа құралдармен, жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілді.
Шәмша Көпбайқызы білімді жастарды имандылыққа тəрбиелеу, университетті бүгінгі күн талабына сай материалдық жəне рухани игіліктермен қамтамасыз етуді көздеді. Осы мақсатта жастардың білімін жетілдіріп отыруға жетелейтін атаулы стипендиялар тағайындалды. Бүгінгі күнде Шәмша Беркімаеваның елеулі еңбегі ел қазынасына айналып, бірегей білім ұясында атқарған ұстаздық һәм басқарушылық қызметі көпке үлгі болып отыр.
Шәмша Беркімбаева Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 10 шақырылымының депутаты, Қазақстан Компартиясының XV-XVI съездерінің делегаты, «Hұp Отан» партиясы Саяси кеңесінің және ҚР Ұлттык Кеңесінің мүшесі болды.
Ел дамуы жолындағы қажырлы қызметі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Үздік қызметі үшін», Ы. Алтынсарин атындағы және А. Байтұрсынов атындағы медальдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Ш. Беркімбаева – Халықаралық педагогикалық Білім академиясының академигі, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерінің иегері.
Халқымыздың біртуар перзенті, ақын Фариза Оңғарсынова Шәмша Көпбайқызы жайлы «Қыз-ғұмыр шынарым-ай, Халқымның шырағындай», – деп жазған болатын. Расында да, Шəмша Беркімбаева – болмысы бөлек, бітімі ерек, дара мінезді, жүрегі қазақ деп соққан ұлтымыздың санаулы қыздарының бірі де бірегейі.
МЕДИА
Ел ағаларымен. 1981 ж.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына іс-сапары. 2009 ж.
Шәмша Көпбайқызы замандастарымен. 2013 ж.
Зиялы азамат, көрнекті ғалым
Қыздар Университетіндегі кездесу
Шәмша Беркімбаева – Халықаралық педагогикалық Білім академиясының академигі, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерінің иегері.
Жаңа кітаптың тұсаукесері
«Қыз-ғұмыр шынарым-ай, Халқымның шырағындай»
Маркетинг және коммуникациялар департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: