Танымал түлектер: Ақұштап Бақтыгереева



    • Танымал түлектер: Ақұштап Бақтыгереева

       АЛМАТЫ. 11 қазан. Баспасөз орталығы – Қымбатты достар! Біз «Танымал түлектер» айдары арқылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің белгілі түлектерін таныстыруды жалғастырамыз.

      Ақұштап Бақтыгереева – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1944 жылғы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін бітірген.

      Ақұштап Бақтыгереева 1944 жылғы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында дүниеге келген. Қазақтың «жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын қызы.

      А. Бақтыгерейқызы 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін бітірген.

      Еңбек жолын 1966 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде әдеби қызметкері болып бастады. 1966-1971 жылдары аралығында Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, 1971-1972 жылдары аралығында «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972-1975 жылдары аралығында «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1975-1981 жылдары аралығында «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор қызметтерін атқарған. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры.

      А. Бақтыгерейқызының «Өрімтал» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1967 жылы жарық көрді. 1969 жылы «Наз», 1971 жылы «Қанышым – іңкәрім», 1973 жылы «Сені ойлаймын», 1975 жылы «Ақ қанат», 1978 жылы «Бақыт әні», 1980 жылы «Жайық қызы», 1981 жылы «Белокрылая», 1985 жылы «Ақжелең», 1990 жылы «Сүмбіле» атты кітаптары, 2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы және 2004 жылы «Лебединая верность» атты жинағы жарық көрді. Ол Сильва Капутикян, Анна Ахматова, Вероника Тушнова сынды ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы.

      А. Бақтыгерееваның азаматтық үні «Трибун-ақын», «Ақ Жайықтың көз жасы», «Елдің елдігі – бірлігі», «Оралдағы ойран» сияқты өлеңдерінде айқын көрінді. Туған елге деген сүйіспеншілік, ана тілі тағдыры ақын поэзиясының негізгі арқауы. Ақұштап Бақтыгерейқызының шығармалары поэтикалық қуатымен, тілінің шырайлылығымен қазақ поэзиясына жаңа өрнек алып келді.

      Қазақ поэзиясына соны серпін, өзіндік өрнек әкелген А. Бақтыгереева «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл» құрметті төсбелгісімен және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенттік стипендиясының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Орал қаласының «Құрметті азаматы».

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz

        

      Бөлісу: