Университет ректоры халыққа есеп берді
-
22 қыркүйек, 2021
АЛМАТЫ. 22 қыркүйек. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай халық алдында есеп берді.
Тікелей эфир Zoom платформасында, оқу орнының Youtube ресми каналында жүргізілді.
Ректор өз есебінде Университетте 2020-2021 оқу жылында білім беру және ғылыми-зерттеу, қаржылық-шаруашылық салалары бойынша атқарылған жұмыстар мен педагогикалық оқу орнының алдағы даму жоспары жайында жан-жақты баяндады.
Жиынға жоғары оқу орындарының ректорлары, білім беру саласының қызметкерлері, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы мен білім алушылары, шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері, жұмыс берушілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Есеп беру жиынында Гүлмира Қанай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық білім беру мен ғылым салаларын дамыту, мамандарды бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік білім беру кеңістігіне ену тапсырмасы бойынша атқарылған жұмыстарды жұртшылық назарына ұсынды.
– 2020-2021 оқу жылында университет 20 білім беру бағдарламасы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы рейтингіндегі жоғары оқу орындарының алғашқы жиырмалығына, Ұлттық институционалдық рейтингте ЖОО-ның үздік ондығына және Қазақстанның үздік 3 педагогикалық ЖОО-ның қатарына енді. Сонымен қатар 10 білім беру бағдарламасы ACQUIN (Германия) агенттігінің реаккредитациядан сәтті өтті, – деді Университет басшысы.
Оқу орнында 2021 жылдан бастап қазіргі заман талабына сай «Физика-Электроника», «Информатика және робототехника», «Цифрлық аналитикалық білім беру жүйелерін жобалау», «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау» жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді.
– Биыл тұңғыш рет білім беру бағдарламалары жүзден аса жұмыс берушімен, білім алушы студенттермен жан-жақты талқыланды. Бұл тарапта түрлі ұсыныстар жасалып, сол арқылы білім беру бағдарламаларының мазмұндары жаңартылып, жаңа бағдарламалар дайындалды, – деп атап өтті Гүлмира Қанай.
Университет ректоры биылғы қабылдау кампаниясының барысы жайында да айтты.
– Бүгінде Университетте 8 мың студент, магистрант пен докторант білім алуда. Қабылдау қорытындысы бойынша 2021 жылы 1 курсқа 3 438 білім алушы қабылданды. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есе көп, – деді баяндамашы.
Өткен оқу жылында Университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші де жоғары нәтиже көрсеткен. Атап айтқанда, 2020-2021 оқу жылында бакалавриат деңгейі бойынша 1 785 студент бітіріп, түлектердің 81 пайыздан астамы жұмысқа орналасты. Ал магистратура деңгейі бойынша түлектердің 95 пайызы, докторантура деңгейі бойынша түлектердің 94 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілді.
2021 жылы 3 оқытушы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын жеңіп алса, 3 ғалым «Болашақ» Халықаралық бағдарламасы конкурсының жеңімпазы атанды.
Гүлмира Қанай өз баяндамасында ғылыми-зерттеу қызметі жайында да айтты.
– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті білім, ғылым және инновацияларды үйлестіретін классикалық университет болып табылады. 2021 жылы 31 бағыт бойынша 23 ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асырылды. Бүгінде 5 ғылыми жоба Білім және ғылым министрлігінің қаржыландыруымен іске асуда. 2020-2021 жылдардағы ғылыми жобаларды қаржыландырудың жалпы сомасы 36 840 300 теңгені құрады, – деді ректор.
Қыздар университеті дәстүрлі түрде ғылыми мақалалар бойынша көшбасшы болып табылады. Профессор-оқытушылардың Scopus, Web of Science халықаралық ғылыми деректер базасында индекстелетін басылымдарда, сондай-ақ республикалық журналдарда жарияланған мақалалардың саны мен сапасы біртіндеп артып келеді. Мысалы, ағымдағы жылы оқытушылар мен ғалымдардың республикалық және шетелдік басылымдарда 1 532 еңбегі жарияланған.
Жиын барысында Университет ректоры оқу орнының алдағы даму жоспарлары жайында да айтты.
– 2021-2022 оқу жылы негізгі екі бағыт бойынша жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз. Біріншіден, Университеттің инфрақұрылымын дамыту. Оның ішінде материалдық-техникалық базаны жаңарту басты назарға алынып отыр. Білім және ғылым министрлігімен бірге Академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру, демеушілік қолдау іздеу мақсатында инвесторларға арналған ұсыныс бағдарламаларын жасау және жаңа жатақхана мен оқу корпустарын соғу немесе жаңартуды қарастырып отырмыз, – деді Гүлмира Қанай.
Университет басшысының айтуынша, алдағы уақытта Финляндияның HAMK Häme University of Applied Sciences университетімен біріге отырып 30 оқу бағдарламасы жаңартылмақ. Сонымен қатар, магистрлік және қайта даярлау (PGCE) бағдарламаларын жергілікті және халықаралық эксперттермен біріге отырып жаңарту жұмыстары да жүргізілмек.
Бір бұл ғана емес. Биылғы оқу жылынан бастап Университеттің профессор-оқытушыларының еңбекақысы 30 пайызға ұлғайтылады. Педагогтардың орташа жалақысын алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2024 жылға қарай бірнеше есеге ұлғайту да көзделіп отырғанын айта кету керек.
Бір сағатқа созылған есеп беру жиынында көпшілік тарапынан түскен сауалдарға да жауап берілді. Ректорға қойылған сұрақтардың басым бөлігі жатақхана, оқу үдерісі, ғылыми-зерттеу жұмысы мен оқу орнының қызметіне қатысты болды.
Маркетинг және коммуникациялар департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: