Жұмыс берушілермен ынтымақтастық артуда



    • Жұмыс берушілермен ынтымақтастық артуда

       АЛМАТЫ. 9 қыркүйек. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастықты арттыруда. Түлектерді жұмыспен қамту, мамандарды бәсекеге қабілетті етіп бірлесе даярлауды жүзеге асыру мақсатында Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай BINOM EDUCATION Басқарушы компаниясының директоры Шолпан Қадыровамен кездесті. 

      Тараптар ынтымақтастықты дамытудың тетіктерін талқылап, бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

      Осы ретте айта кетейік, BINOM EDUCATION – BI Group компаниясының білім беру жобасы. Жоба аясында елімізде BINOM SCHOOL білім ордалары ашылуда. Бұл мектептер – білім берудегі жаңа бағыт.

      BINOM SCHOOL – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі арқылы жүзеге асырылатын, шәкірттерге сапалы білім беріп, келешек сәтті өмірге жол бағыттайтын білім саласындағы инновациялық жоба.

      BINOM SCHOOL білім ордасында оқушылар Қазақстан Республикасының бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары негізінде 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін қазақ және орыс тілінде білім алады.

      Біз әр шәкірттің дербес тұлғалық даралығын, сан түрлі қабілеті мен қызығушылықтарын ескере отырып, өмірге нық қадам басатын, сын сәттерден сүрінбей өтетін және әрқашан дұрыс таңдау жасап, болашағын жарқын етуге қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін бар күш-жігерімізді саламыз, деп атап өтті Шолпан Қадырова.

      Өз кезегінде Университет ректоры Гүлмира Қанай педагогикалық оқу орны үздіксіз білім беру саясатын белсенді қолға алып жатқандығын айтты. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін білім беру бағдарламалары пәндерінің силлабусын  мектеп, колледж сынды білім беру ұйымдарымен талқылау үрдісі енгізілді.

      – Бұл бастама өз кезегінде жұмыс беруші мен Университет арасында тығыз байланыс орнатуға зор септігін тигізеді. Мысалы, кездесулерде профессор-оқытушылар құрамы пән бағдарламасына өзгерістер енгізу бойынша нақты ұсыныстар алады. Пәндерді оқыту әдістемесі бойынша пәндердің модульдері жан-жақты талқыланады. Кездесуде әр талқыланған сұрақтар бойынша пайдалы әрі мазмұнды ақпараттар беріледі. Мұндай жиындар кәсіби мамандарды сапалы даярлауға басты негіз болады деп сенеміз, – деді Гүлмира Қанай.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz

         

      Бөлісу: