«Useful Green Cup»: «Әлемді өзгертетін стакан»



    • «Useful Green Cup»: «Әлемді өзгертетін стакан»

       АЛМАТЫ. 1 шілде. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері «Useful Green Cup» атты стартап жобалары жайлы айтып берді. Бұл жоба «Жас толқын» студенттік ғылыми конкурсында «Ең креативті идея» номинациясы бойынша үздік деп танылып, 1 миллион теңге қаржылай сыйақыға ие болған болатын.

      Жоба авторлары – Айнұр Бақытжанова, Әсел Бейсимбаева және Айжан Мамытова.

      – Бұл жобаны қазақ тілінде «пайдалы жасыл стақан» деп тура аударсақ түсінікті болады. Біз ұсынып отырған тауар ол болашақ жасыл әлемнің бейнесін айқындайтын, сұлу жасыл желекке айналдыратын пайдалы кесе. Шын мәнісінде елімізде бір жылда 45 миллион тонна қоқыс қалдықтары шығарылады, оның 2 пайызы қайта өңделеді. Ал біз күнделікті тұтынатын, пайдаланатын қағаздан, полиэтилен материалдарынан жасалған ыдыстар 3 рет қана өңделеді. Біздің ұсынып отырған тауарымыз осы экологиялық проблемаларды шешуде табылмас шешім, – дейді жоба авторлары.

      Қыздардың айтуынша, пайдалы жасыл стақан 3 рет қайта өңделген қағаздан жасалған. Соңғы рет өңделудегі қағаз өз кезегінде арзан материал. Жас ғалымдар осыны пайдаланып, алғашқы өндіріліп шыққан қағаз стақанды екі есе арзан бағада сатып алады.

      Бірақ мұнда бір ескеретін жағдай – қайта өңделген қағаз алғашқы өңделген қағаздан кем түспейді және адам денсаулығына зияны жоқ.

      Дайын қағаз стақанға арнайы технологиялық тәсілдермен жасалған түрлі дәнді крахмалды-йодталған лента жабыстырылады екен. Осылайша стақанға ыстық су, шай, кофе құйылғанда, дән отырғызылуға дайындалып ашылады.

      – Содан кейін стақан ішіне өсімдікті отырғызуға топырақты және дәндік-лентаны салып, бір қайтара лента бетін топырақпен жауып күн түсетін жерге қойып қоямыз. «Useful Green Cup» ерекшелігі қағаздың өзі күн сәулесін бойынан тез өткізетіндігі, – дейді студент қыздар.

      «Useful Green Cup» төрт өнім түрін шығарады, олар үй жағдайында өсіруге болатын балғын шөптері, үй жағдайында өсіруге бейімделген гүлдер, лимон ағашы, дала гүлдерін, ағаштарын үй жағдайында өсіру.

      – Біз жоспарланған көлемде қаражат жиналғаннан кейін, өсімдік дәндерін стақанның ішінде престеліп жасалатындай еритін қағаз стақан шығарамыз. Бұл стақанның жұмыс істеу механизмі мынадай: стақан ыдыспен кофе, ыстық сусын ішкеннен кейін сол стақанды жерге тастайсыз, содан бұл қағаз 180 күннің ішінде еріп, ішіндегі дәндер жерге түседі, осылай ірі ормандарда өсіретін ағаштар санын көбейткіміз келеді. Бұның алғашқы өнімнен ерекшелігі тауарды тұтынушы стақанды арнайы қоқыс жәшіктеріне тастайтындығы. Біз өз кезегімізде осы стақандарды алып алыс аймақтарда құтыдағы дәннің жерге түсіріп, өмірін жалғастыруға күтім жасап, жасыл желектер санының артуына жағдай жасаймыз, – дейді жоба авторлары.

      Қыздардың стартапына көмектескен топ жетекшісі Римма Сауытбаеваның айтуынша, жас болғаннан кейін олардың ойына көптеген идеялар келеді, алайда оны жүзеге асыру үшін қаржы жағынан қиындыққа тап болады.

      – Елбасы Қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отырған осы сияқты ғылыми жобалар байқауы өзіндік ойы һәм жобасы бар жастарға қолдау көрсетуге көп мүмкіндік береді. Сайысқа еліміздің өңірлерінен 40-тан астам студент келді. Соның ішінде Қыздар университетінің білімгерлері өзгелерден оқ бойы озып шығып, үздік атанды, – дейді топ жетекшісі Римма Сауытбаева.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: