Ғылыми кеңесте маңызды мәселелер талқыланды



    • Ғылыми кеңесте маңызды мәселелер талқыланды

       АЛМАТЫ. 30 маусым. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ғылыми кеңесінің отырысы өтті. Офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған жиында оқу орнының дамуында маңызы бар бірнеше мәселе қарастырылды.

      Алғаш болып оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Еркін Жұманқұлова биылғы қабылдау комиссиясының жұмыс барысы туралы есеп берді.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастағанына бірнеше күн болды.

      Бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша дәстүрлі форматта оқуға түсушілерден құжаттарды қабылдау барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылуда.

      Оқу орнында талапкерлер үшін барлық қажетті ақпаратты ұсынатын Call-орталық та жұмысын бастады. Қызметтің басты артықшылығы – педагогикалық жоғары оқу орнына түскісі келетіндерге сапалы әрі дұрыс мәлімет беру және мейлінше жылдам қызмет көрсету.

      Университеттің барлық ақпараттық ресурстарында «оқу орнына қабылдау талаптары қандай? Оқу орнының студенті атану үшін не нәрсені білу керек? Биылғы қабылдау рәсімінде қандай өзгерістер бар?» сынды сауалдарға нақты әрі жан-жақты жауап беретін мәліметтер тұрақты берілуде.

      Сонымен қатар Ғылыми кеңесте Тіркеуші-кеңсе жетекшісі Дариға Жарықбаева университеттегі көктемгі емтихан сессияларының қорытындысы туралы, Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Балажанова бакалавриат деңгейі бойынша 2020-2021 оқу жылының мемлекеттік аттестаттау комиссиясының есебін бекіту туралы баяндады.

      Жиын барысында университеттің білім беру және ғылымын дамыту бойынша өзге де мәселелер күн тәртібіне шығарылды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

        

      Бөлісу: