«ҚызПУ-дың жас ғалымдары»: Нұргүл Амангелді
-
24 мамыр, 2021
АЛМАТЫ. 24 мамыр. Баспасөз орталығы – Нұргүл Амангелді – PhD, Жаратылыстану институты директорының ғылым және инновация жөніндегі орынбасары, Қыздар университетінің Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы.
Жас ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 35-ке жуық ғылыми мақаласы жарық көрген. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі комитетінің бекітілуімен ұсынылған журналдарға 10 мақала, SCOPUS базасында 1 мақала, шетелдік басылымдарда 9 мақала, халықаралық және отандық ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарында 15 мақаласы жарияланған.
Ғылымдағы еңбегі
Нұргүл Амангелді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2005-2013 жылдары бакалавриат және магистратурада, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 2015 – 2018 жылдары докторантурада білім алған.
2018 жылы «Survey of root diseases, screening of some wheat genotypes on resistance to (Fusarium Spp. and Heterodera filipjevis Hum.) and the protection measures for them in Kazakhstan» тақырыбы бойынша ағылшын тілінде докторлық диссертациясын табысты қорғап, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен «6D081100-Өсімдік қорғау және карантин» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесі берілді.
Ол Ж. Жиембаев атындағы «Қазақ өсімдік қорғау және карантин» ғылыми зерттеу институтында ҚР БҒМ МҚЖ Ғылыми-техникалық бағдарламасы «Қазақстан Республикасы фитосанитарлық қауіпсіздікті иновациялық ғылыми-техникалық қамтамасыздандыру» бойынша негізгі орындаушы ретінде еңбек етіп, ғылыми базасын қалыптастырған.
Bacillus subtilis бактериялары негізінде жаңа биологиялық өнімді қолдану технологиясы және дәнді дақылдарды ауру қоздырғыштарынан қорғаудың инновациялық технологияларын жетік меңгерген. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерде топырақ патогендері, соның ішінде, дәнді дақылдардың паразитті нематодтарын таралуы мен молекулалық идентификация әдістерін кеңінен пайдаланады.
Өмірбаяны
Нұргүл Амангелді 1987 жылғы 26 қаңтарда дүниеге келген. 2009 жылы Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «050112-Химия» мамандығы бойынша бакалавриатын тәмамдаған. Біліктілігі – химия пәнінің мұғалімі.
2012 жылы Ұлыбританияның Камбрия университетінің «Жаңартылатын энергия көзі» атты жаздық курсын сәтті бітірген.
2012-2013 жылдары Шанхай Ынтымақтастық ұйымының бағдарламасы бойынша Мәскеу қаласындағы Ресей халықтар достығы университетінде академиялық ұтқырлықтан өтті.
Сондай-ақ 2015-2017 жылдары Erasmusmundus Casia 3 бағдарламасы бойынша Нидерланды мемлекетінің Вагенинген университетінде біліктілігін жетілдірді.
2016 жылы Белгия мемлекетінің Гент университетінде ғылыми жетекші PhD Абделфаттах Амер Дабабаттың жетекшілігімен 2 айлық тағылымдамадан өтті.
Нұргүл Амангелді – Түркияның Нийде Омер Халисдемир университетінің Айхан Шахинг атындағы гранттың иегері.
Жас ғалым 2015-2017 жылдары аралығында Ж. Жиембаев атындағы «Қазақ өсімдік қорғау және карантин» ғылыми зерттеу институтында ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламасының негізінде жүзеге асқан «Қазақстан Республикасы фитосанитарлық қауіпсіздікті инновациялық ғылыми-техникалық қамтамасыздандыру» тақырыбындағы ғылыми жобаның жауапты орындаушысы болған.
Ол Түркиядағы Нийде Омер Халисдемир университетінің ғалымдарымен бірлесе отырып, «Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында картоп нематодасын (Globodera spp.), анықтау, сәйкестендіру және экологиялық тәуекелдерге бейімдеу» тақырыбы бойынша 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың гранттық жобасына жетекші ретінде конкурсқа қатысты.
Бүгінде Жас ғалымның ғылыми зерттеу нәтижелерін Халықаралық бидай және жүгері жақсарту ұйымы бидай патотиптерін жоспарлау және жобалау жұмыстарында пайдаланып отыр.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: