«ҚызПУ-дың жас ғалымдары»: Мөлдір Абдраимова
-
13 мамыр, 2021
АЛМАТЫ. 13 мамыр. Баспасөз орталығы – Мөлдір Абдраимова – PhD, Ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөлімінің басшысы, Қазақстан жас педагог-ғалымдар Қауымдастығының төрайымы.
Жас ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 50-ге жуық ғылыми мақаласы жарық көрген. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі комитетінің бекітілуімен ұсынылған журналдарға 16 мақала, SCOPUS базасында 8 мақала, Thomson reutors базасында 2 ғылыми мақала, ғылыми шетелдік басылымдарда 5 мақала, халықаралық және отандық ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарында 15 мақаласы жарияланған.
Ғылымдағы еңбегі
Мөлдір Абдраймова Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 2008-2010 жылдары магистратурада және докторантурада білім алған.
2017 жылғы желтоқсанда «s,-p,-d,-f элементтерінің күрделі оксидтерінің синтезі, құрылысы және магниттік қасиеттері» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын табысты қорғап, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен «6D060600-Химия» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесі берілді.
Оның ввторлық бірлестікте «Химиялық термодинамика және химиялық тепе-теңдік», «Химиялық кинетика және электрохимия», «Электрохимия» атты оқу-әдістемелік құралдары және «Күрделі ферриттер, манганиттер, висмутиттердің синтезі және физика-химиялық қасиеттерін зерттеу» атты монография жарық көрді.
Жас ғалым «YbBiNaFeO5 құрамды висмутты – ферритті алу жолы», «Bi0,1Dy0,9MnO3 құрамды висмутпен допирленген диспрозий манганитін алу жолы» тақырыбындағы инновациялық патенттердің авторларының бірі.
Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің 2015-2017 жылдарға арналған «Көпфункционалды магниттік материалдардың жаңа буынын синтездеу және физика-химиялық зерттеу» және 2018-2020 жылдарға арналған «Мультиферроиктер класындағы жаңа кристалдық жүйелерді жасау және физикалық негіздері» тақырыптарындағы ғылыми жобалардың жауапты орындаушысы. Бүгінде Қыздар университетінің бакалавриат студенттеріне «Химиялық кинетика және катализ», «Химиялық синтез» және «Физикалық химия» курстары бойынша дәріс оқиды.
Өмірбаяны
Мөлдір Абдраймова 1987 жылғы 12 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген. 2004 жылы Т. Рысқұлов ауылындағы «Түркібасы» дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейін бітірген. Сол жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Жаратылыстану-география факультетіне түсіп, оқу орнын 2008 жылы «Химия» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдайды. Біліктілігі – химия пәнінің мұғалімі.
Мөлдір Рашидқызы еңбек жолын 2010 жылдан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Химия кафедрасының оқытушысы болып бастаған. 2013 жылдан бері аталған кафедраның аға оқытушысы, Жас Ғалымдар кеңесінің төрағасы, Оқу үдерісі бөлімінің басшысы, жоба менеджері, Ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар ол Қазақстан жас педагог-ғалымдар Қауымдастығының төрайымы және Химия кафедрасының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы болып еңбек етіп келеді.
М. Абдраймова Білім және ғылым министрлігі мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған Испанияның Валенсия политехникалық университетінде 240 сағат көлеміндегі біліктілікті арттыру курсына қатысты. Сондай-ақ жас ұстаз Өзбекстанның Ташкент Ұлттық университетінің Жоғары технологиялардың оқу-тәжірибелік орталығында, Ресейдің Томск политехникалық университетінде, Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығында, Кембридж университетінің Кавендиш зертханасында, Ресейдің Сібір Федералды университетінің Инженерлі физика және радиоэлектроника институтының зертханасында шетелдік ғалымдардың жетекшілігімен ғылыми жұмыстар жүргізіп, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Мөлдір Абдраймова бірқатар халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жеңімпазы. Ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің мерейтойлық «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен және «Білім беру саласының үздігі» құрметті атағымен марапатталған.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: