1 наурыз – Алғыс айту күні
-
01 наурыз, 2021
АЛМАТЫ. 1 наурыз. Баспасөз орталығы – Өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі құтты болсын!
Бүгінде елімізде 100-ден аса ұлттар өмір сүреді. Олар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси, тарихи, мәдени дамуына өз үлестерін қосып келеді. Тарих тоғыстырған халықтардың бекем бірлігі мен татулығы бүгінде Қазақстанның басты табыстарының бірі.
Ата-бабаларымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өскелең ұрпаққа бірлікті, жұдырықтай жұмылуды өсиет еткен. Қазақ халқы «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деп айтуы бекер емес. Ал ұлт ұстазы, адамзаттың ойшылы, кемеңгер Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген нақыл сөзі келешекке қалдырған аманаты іспеттес.
Еліміз егемендік дәуірінде бір мүдде төңірегіне бірігіп, дамудың таңғажайып белестеріне жете алатынын көрсетіп отыр. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Данагөй ұлтымыз мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы.
Баршамызға Алғыс айту күні құтты болсын! Береке-бірлігіміз берік, ырыс-ынтымағымыз нығая берсін!
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: