Жастардың дебат қозғалысы қайта жаңғырады



    • Жастардың дебат қозғалысы қайта жаңғырады

       НҰР-СҰЛТАН. 22 ақпан. Баспасөз орталығы – Білім және ғылым министрлігі мектептерде, колледждер мен университеттерде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатыр. Бұл туралы ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

      Оның пікірінше, қазіргі уақытта жан-жақты даму үшін тек білім қоры жеткіліксіз.

      «Әр адам жинаған білімі мен білігін дұрыс пайдалануы маңызды. Бұл ретте дебат ойындары мен мектептегі өзін-өзі басқару тетіктері аталған қабілеттерді қалыптастырады», – деп жазды министр.

      Аймағамбетовтың сөзінше, дебат тек зияткерлік ойын емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы.

      «Ойынға қатысушылар кейін үгіт-насихат пен популистік идеяларды оңай ажыратып, өз ұстанымын көпшілікке нақты аргументтер арқылы жеткізе алады. Мұндай тәжірибе жастарға күнделікті ақпарат ағынын сыни қабылдауға да көмектеседі. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, өздерінің әлеуметтік байланыстары мен бір-біріне деген сенімін нығайтады», – деп толықтырды Асхат Аймағамбетов.

      Білім министрі пікірсайыстарда жетістіктерге жету үшін көзқарас, мықты мінез, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай білуге жетелейтін ұмтылыс маңызды екенін атап өтті. Ол үшін көп кітап оқып, танымдық бағдарламаларды қарап, қарым-қатынас орната білу, аргументация дағдыларын дамыту бойынша үнемі жұмыс істеу керек.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: