«Табандылық – жетістікке апарады»: жас кәсіпкер Ерсін Сұлтан студенттермен тәжірибесімен бөлісті



    • «Табандылық – жетістікке апарады»: жас кәсіпкер Ерсін Сұлтан студенттермен тәжірибесімен бөлісті

      Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен кәсіпкер, контент-маркетинг саласының сарапшысы, YouTube арқылы табысқа жеткен жас маман Ерсін Сұлтанның қатысуымен “YouTube арқылы қаржылық тәуелсіздікке жету жолдары” атты мастер-класс өтті.

      Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің цифрлық және кәсіпкерлік ой-өрісін кеңейтіп, YouTube платформасы арқылы табыс табудың тиімді тетіктерін таныстыру болды.

      Мастер-класс барысында спикер заманауи медиа әлеміндегі өз тәжірибесімен бөлісіп, табысты контент қалыптастырудың негізгі қағидаларын түсіндірді. Қатысушылар аудитория тарту, бейнежазбаларды оңтайландыру және арнаны монетизациялау тәсілдерімен танысты.

      Ерсін Сұлтан сонымен қатар табысты болу үшін ең алдымен тұлғалық қасиеттерді дамыту керектігін айтты:
      “Бүгінгі таңда әр адамда өз идеясын әлемге таныту мүмкіндігі бар. Табанды адам ғана қанша құласа да, жетістікке жетеді. Сондықтан кәсіппен айналысамын, маркетингте жұмыс істеймін десеңіз, табанды болыңыз” – деді ол.

      Шара соңында студенттер өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Аталған мастер-класс БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен үйлесіп, IV мақсат – “Сапалы білім”, VIII мақсат – “Лайықты жұмыс пен экономикалық өсу”, және XVII мақсат – “Тұрақты даму үшін серіктестік” бағыттары аясында ұйымдастырылды.

       

      Бөлісу: