QyzPU мен Иранның Бас консулдығы өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады



    • QyzPU мен Иранның Бас консулдығы өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы өкілдерімен ресми кездесу өтті.

      Басқосудың негізгі мақсаты – білім және ғылым саласындағы әріптестік байланыстарды кеңейту, бірлескен академиялық және мәдени жобаларды жүзеге асыру, сонымен қатар студенттер мен оқытушылардың халықаралық ұтқырлығын дамыту мәселелерін талқылау болды.

      Университет тарапынан Басқарма Төрағасы – Ректордың м.а. Сәбит Суатай, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева, Филология институтының директоры Айгүл Сатбекова, Шетел тілін кәсіби даярлау білім беру бағдарламасының көшбасшысы Айгерім Әлиакбарова және қауымдастырылған профессор м.а. Роза Садыкова қатысты.

      Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы атынан Алматы қаласындағы Бас консул Сона Ахмади, Мәдени өкілдіктің басшысы Ағазаде Хоссейн, сондай-ақ аудармашылар Индира Абдыкалыкова мен Нұрәділ Досмұрат келді.

      Кездесу барысында тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын, академиялық ұтқырлықты дамыту тетіктерін және мәдени байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін талқылады.

      Шара соңында қонақтар университет кампусымен және QyzPU мұражайымен танысып, оқу орнының тарихы мен жетістіктеріне жоғары баға берді.

      Бұл кездесу екі ел арасындағы мәдени және ғылыми серіктестікті тереңдетуге, сондай-ақ QyzPU-дың халықаралық байланыстар аясын кеңейтуге бағытталды.

      Бөлісу: