Физика саласында робот жүйелерді дамытудың жаңа бағыттары талқыланды
-
09 қазан, 2025
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Физика, математика және цифрлық технологиялар институтында 2025 жылғы 9 қазанда «Физика саласында робот жүйелерді құрудың перспективалары» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Іс-шараны Физика кафедрасы ұйымдастырды.
Семинардың басты мақсаты – физика, робототехника және автоматтандыру салаларындағы заманауи ғылыми бағыттарды талқылау, тәжірибе алмасу және болашақтағы бірлескен зерттеулерге жаңа серпін беру болды.
Шараға институттың оқытушылары, магистранттары мен докторанттары қатысып, өз саласындағы зерттеу тәжірибелерімен бөлісті. Семинардың арнайы қонағы – Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машина жасау институтының бас директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, PhD, профессор Әлібек Талғатбекұлы Хабиев болды.
Семинарға сондай-ақ Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машина жасау институтының инженерлері – Құмарбек Нұрғали Ерболұлы мен Махмет Саят Бақытұлы қатысып, өздерінің тәжірибелік жобалары мен ғылыми зерттеу бағыттары туралы мәлімет берді.
Профессор өз баяндамасында робот жүйелерін ғылыми зерттеу әдістерімен үйлестірудің маңыздылығын атап өтіп, заманауи инженерлік шешімдердің ғылыми негіздері туралы айтты. Сондай-ақ, физика мен цифрлық технологиялардың өзара ықпалы, жасанды интеллект элементтерін қолдану және өндірістік процестерді автоматтандыру мүмкіндіктеріне тоқталды.
Семинар соңында қатысушылар институт зертханаларының жұмысымен танысып, болашақта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, зертханалық базаны кеңейту мен тәжірибелік жұмыстарды жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды.
Бөлісу: