QyzPU студенті Индонезиядағы Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды
-
09 қазан, 2025
QyzPU 2 курс студенті, жас спортшы Қамзаева Нұрай 3-6 қазан аралығында Индонезияның Кабупатен Богор қаласында өткен спорттық самбо және жауынгерлік самбодан Әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.
Педагогика және психология институтының Дене шынықтыру және спорт мамандығында оқитын Нұрай жарыс жайлы өз әсерімен бөлісті: «Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылармен белдесу өзімді шыңдауға, жігерімді арттыруға мүмкіндік берді. Жеңіс те, жеңіліс те маған маңызды сабақ болды», – дейді ол.
Жарысқа дайындық шамамен алты айға созылып, күнделікті, кейде күніне екі жаттығу сессиясы болды. Қиындықтарға қарамастан, Нурай өзін-өзі сендіру мен мотивацияны сақтау маңызды екенін атап өтті.
Финалда Ресей спортшысымен кездескен ол 2:1 есебімен жеңіліп қалды, бірақ бұл да үлкен тәжірибе болғанын жасырмады.
Нұрай спортпен 11 жасынан бері айналысып келеді. Самбоны таңдауына Шыңғысханова Ақмарал апайдың ықпалы зор болған. «Университеттен материалдық және логистикалық қолдау алдық. Оқу мен спортты қатар алып жүру оңай емес, бірақ тәртіп пен жоспарлау арқылы бұл қиындықтарды еңсеруге болады», – дейді Нурай.
Алдағы уақытта Нұрай Азия және Әлем чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізуді, Олимпиадаға қатысып медаль алуды армандайды.
Бапкері, «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы, Қазақ күресінен ҚР спорт шебері Усбанов Нұрлан Сұлтанбайұлы алда жоспар көп екенін айтты. «Алдағы уақытта жоспарларымыз өте көп. Спортшылардың физикалық және тактикалық дайындық деңгейін арттыру мақсатында жаңа тәсілдерді меңгеріп жатырмыз. Алда Нұрай Семей қаласында өтетін 23 жасқа дейінгі әйелдер арасындағы дзюдо чемпионатына қатысады. Соған қызу дайындық үстіндеміз. Жалпы университет тарихында спорт саласында талай мықты қыздар шыққан, қазіргі жаңа буын спортшы қыздарымыз да өте дарынды. Университет тарапынан көрсетіліп жатқан жоғары деңгейдегі қолдау үшін зор алғысымды білдіремін», – деді бапкер.
Бөлісу: