QyzPU қызметкерлері Digital Bridge 2025 халықаралық форумына қатысуда



    • QyzPU қызметкерлері Digital Bridge 2025 халықаралық форумына қатысуда

      2025 жылғы 2–4 қазан аралығында Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық форумы өтуде. Форумды Astana Hub Халықаралық инновациялық кластері Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

      Digital Bridge – цифрлық трансформация, жасанды интеллекттің дамуы және технологиялар саласындағы өңірлік ынтымақтастықты талқылау үшін әлемдік көшбасшыларды, технологиялық инноваторларды және инвесторларды біріктіретін ірі жыл сайынғы алаң. Форумның негізгі мақсаты – Қазақстанды Еуропа мен Азияны байланыстыратын технологиялық хаб ретінде таныту.

      Биылғы форум «Generative Nation» тақырыбында өтіп, еліміздің жасанды интеллектке негізделген білім қоғамын қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағытын айқындайды.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті атынан шараға Цифрлық офицер Картбаев Тимур Саатдинович, Цифрлық даму департаментінің директоры Модовов Нурбол Алимбаевич, сондай-ақ Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Балажанова Қымбат Магитаевна қатысуда.

      QyzPU өкілдері форум барысында жаңа технологиялармен, цифрлық трансформацияның халықаралық тәжірибесімен танысып, университеттің білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған озық идеяларды зерделеуде. Университет Мемлекет басшысының тапсырмаларын қолдай отырып, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді оқу процесіне енгізу арқылы жаңа қадамдарға жол ашуды жоспарлап отыр.

      Digital Bridge 2025 – Қазақстанның цифрлық даму саласындағы жаңа қадамдарын көрсетіп қана қоймай, білім беру мен инновацияны ұштастырудың тиімді алаңына айналды.

      Бөлісу: