«Куә бол!» – бірінші курс студенттерін қарсы алу кеші
-
29 қыркүйек, 2025
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты жаңа оқу жылын ерекше серпінмен бастады. Институт қабырғасында салтанатты түрде бірінші курс студенттерін қарсы алу кеші ұйымдастырылып, шараға «Куә бол!» атауы берілді.
Ән мен би, танымдық ойындар мен театрландырылған қойылымдар тоғысқан мерекелік кеш студенттерге де, қонақтарға да ұмытылмас әсер сыйлады. Жас буын университет өмірімен, оқу ғимараттары, кітапхана, ғылыми және шығармашылық орталықтарымен танысып, үлкен ұжымның ажырамас бөлігіне айналды.
Кештің ресми ашылуында институт директоры Бахытжан Жолдыбайұлы Сапаров жас студенттерге жылы лебізін білдіріп, алдағы оқу мен өмір жолына сәттілік тіледі. Бағдарлама барысында студенттердің өнерге, шығармашылыққа деген құлшынысы айқын көрініп, сахнада түрлі жанрдағы қойылымдар орындалды.
Мерекелік кештің ең жауапты сәті – студенттік директорды сайлау болды. Бұл мәртебелі лауазымға белсенділігімен, табандылығымен ерекшеленген Аманкелді Меруерт Нұрланқызы лайық деп танылып, көпшілік алдында ант берді. Жаңа студенттік директорға институт басшылығы мен ұстаздар қауымы сенім білдіріп, тың бастамаларға жол ашты.
Кеш барысында өнерлі жастардың әндері шырқалып, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті. Осындай әсерлі сәттер студенттердің жүрегінде ұзақ сақталып, олардың шығармашылық әлеуетін арттыра түсті.
Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының ұжымы жаңа оқу жылын тың қарқынмен бастап, студенттеріне ғылым мен өнерде толайым табыстар тілеп отыр.
Бөлісу: