QyzPU-да «Болашақ» бағдарламасына қатысты ақпараттық брифинг өтті
-
25 қыркүйек, 2025
2024 жылдың 24 қыркүйегінде Қыздар университетінде халықаралық ғылыми тағылымдамаларға арналған ақпараттық брифинг өтті. Аталған шараны ұйымдастырған – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ – «Болашақ» халықаралық стипендиясының, ғылыми тағылымдамалар мен үкіметаралық гранттардың ресми әкімшісі.
Брифинг барысында орталық өкілдері шетелде тағылымдамадан өтуге үміткерлерді іріктеу тәртібі мен талаптарын кеңінен түсіндіріп, бағдарлама шеңберінде қандай мүмкіндіктер қарастырылғаны жайында жан-жақты ақпарат ұсынды. Қатысушыларға құжат тапсыру кезеңдері, конкурстық іріктеу шарттары мен стипендияның қандай шығындарды қамтитыны жөнінде толық мәлімет берілді. Қатысушылар тағылымдамаға қатысты сұрақтарына жауап алды.
Шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары белсенді қатысты. Сонымен қатар, брифингке Қыздар университетінің әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректоры Еркін Жуманқұлова мен халықаралық бөлім басшысы Салтанат Жақұбаева да қатысты.
Басқосудың маңыздылығын арттыра түскен – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рахмет Абай Амандықұлы мен Құжат қабылдауды ұйымдастыру басқармасының басшысы Омарова Дина Мұкашевнаның қатысуы болды.
Мұндай ақпараттық кездесулер білім және ғылым саласындағы халықаралық мүмкіндіктерді кеңінен насихаттауға, сондай-ақ қазақстандық жастардың жаһандық тәжірибе алмасуына жол ашатыны сөзсіз.
Бөлісу: