QyzPU-да ақын Серікзат Дүйсенғазының 50 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш өтті



    • QyzPU-да ақын Серікзат Дүйсенғазының 50 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш өтті

      23 қыркүйек күні QyzPU-да белгілі ақын, ұстаз, әдебиеттанушы, ғылым кандидаты Серікзат Дүйсенғазының 50 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала тілегі»атты әдеби-сазды кеш өтті.

      Іс-шараның мақсаты – ұлттық әдебиеттің дәстүрлі арнасын жаңғыртып, поэзия мен руханиятты жастар арасында кеңінен дәріптеу, мерейтой иесінің шығармашылық және ғылыми еңбегіне құрмет көрсету болды.

      Кештің ашылуында университеттің «Томирис» би ансамблі «Абайға тағзым» атты хореографиялық композициясын ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік кештің жүргізушілері ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, шараны салтанатты түрде ашық деп жариялады.

      Алғашқы құттықтау сөзді университеттің Басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Сәбит Құрманжанұлы Суатай алып, Серікзат Дүйсенғазының қазақ әдебиеті мен педагогикасына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

      Кештің құрметті қонақтары қатарында композитор Еркін Тоқсейітов, ақын Асхат Сүйіндіков, танымал әнші, «Музарт» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев болды. Университет басшысы Сәбит Құрманжанұлы құрметті қонақтарға мерейтойлық төсбелгі мен сыйлықтар табыстады.

      Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған бірнеше ән шырқалды. Әсіресе, «Айдай» тобының орындауындағы «Қазағым» әні көпшіліктің көңілінен шықты.

      Университет жанындағы «Назқоңыр» әдеби үйірмесінің мүшелері Серікзат Дүйсенғазының жүрекке жетер жырларын тебірене оқып, ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар ақынның ана тақырыбына арналған шығармалары негізінде сахналанған «Ана махаббаты» атты драмалық қойылым да көрерменнің көңіл пернесін дөп басты.

      Студенттер ақынға арнау жырларын оқып, сахна төрінде «Өлеңмен өрілген – 50 жыл» атты әдеби көрініс пен ақынның өзі-өзімен айтысын сахналап, кешті мазмұнды ете түсті.

      Кештің шарықтау шегі – мерейтой иесі Серікзат Дүйсенғазының сахнаға көтеріліп, жүрекжарды өлеңдерін оқып, студенттердің сұрақтарына жауап беруі болды. Ақын өзінің шығармашылық жолы, ұстаздық қызметі және рухани ізденістері туралы кеңінен әңгімеледі.

      Әнші Сәкен Майғазиев университет ұжымына алғысын білдіре келе: «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – тек қыз баланы емес, ұлтты тәрбиелейтін киелі шаңырақ. Студент қыздардың көрсеткен өнерлеріне, оқыған поэзияларына, шығармашылығына, біліміне ризамыз. QyzPU – педагогикалық жағынан да, өнер жағынан да, бірнеше бағытты бір арнаға тоғыстырған ғажап шаңырақ. Қыздарымыз бақытты болсын!», – деді әнші. 

      «Ұлы дала тілегі» атты әдеби-сазды кеш – тек мерейтойлық іс-шара ғана емес, ұлттық әдебиет пен руханиятты ұлықтауға бағытталған тағылымды тәрбие сағаты болды. Кешке қатысқан зиялы қауым өкілдері, университет ұстаздары мен студенттері поэзия мен өнердің тәрбиелік мәні мен рухани күшін тағы бір мәрте терең сезінді.

      Бөлісу: