Жаңа толқын, жаңа леп!
-
22 қыркүйек, 2025
Физика, математика және цифрлық технологиялар институтында 1 курс студенттерін қарсы алу кеші өтті. «Жаңа толқын, жаңа леп!» атты бұл кеш әдеттегі форматтан өзгеше ұйымдастырылып, мюзикл түріндегі сахналық қойылым ретінде көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараның ашылуында институт директоры Гүлназ Салгараева құттықтау сөз сөйлеп, жас буынға сәттілік пен табыс тіледі.
Бағдарлама барысында би, ән және театрландырылған көріністер орындалып, студенттердің шығармашылық әлеуеті айқын көрініс тапты. Сонымен қатар бірінші курс студенттері университет өмірімен, оқу ғимараттары мен кітапханаларымен, шығармашылық және ғылыми орталықтарымен танысты.
Кештің маңызды сәттерінің бірі – студенттік директорды таныстыру рәсімі болды. Бұл мәртебелі лауазымға белсенділігімен әрі табандылығымен ерекшеленген бірінші курс студенті Айзат Айткалиева лайық деп танылды. Жаңа директор ұжым алдында салтанатты түрде ант беріп, алдағы жұмысына адал қызмет етуге уәде етті.
Институт басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы студенттік өзін-өзі басқару ұйымының жаңа жетекшісіне сенім білдіріп, оқу жылының табысты болуына тілектестік білдірді.
Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының ұжымы жаңа оқу жылын тың серпінмен бастай отырып, студенттерге ғылым мен білім жолында зор жетістік пен шығармашылық шабыт тілейді.
Бөлісу: