QyzPU-да «Гендер және климаттың өзгеруі» көрмесі ашылды
-
11 қыркүйек, 2025
11 қыркүйекте ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесі CAPS Unlock сараптамалық орталығымен және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасымен бірлесіп, «Гендер және климаттың өзгеруі» атты көрменің ашылуын өткізді.
Көрмеде Орталық Азияның 7–19 жас аралығындағы жас суретшілерінің он бес жұмысы ұсынылды. Бұл туындылар ЮНЕСКО мен CAPS Unlock бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Turn It Around! Central Asia Climate Card Deck» жобасы аясында түскен 435 өтінімнің ішінен таңдап алынған. Жоба 2025 жылдың қазан айында іске қосылады.
Әрбір сурет жас авторлардың климаттың өзгеруі олардың өміріне, соның ішінде әйелдер мен балалардың тағдырына қалай әсер ететінін шығармашылық тұрғыдан бейнелейді. Мәселен, 19 жастағы қазақстандық қатысушының жұмысы орманды жоюдың психологиялық зардаптарын көрсетсе, 16 жастағы қырғызстандық қыздың суреті тасқыннан қашып бара жатқан ана мен баланы бейнелеген.
Көрме 12–30 қыркүйек аралығында Алматы қаласында, Айтеке би көшесі 105б мекенжайындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасында көпшілік назарына ұсынылады.
Жас суретшілердің үздік жұмыстары негізінде «Галерея туры: Климат және біз. Климат пен гендер туралы әңгімелер» атты мұғалімдерге арналған оқу құралы әзірленді. Ол ұстаздарға, педагогтерге және фасилитаторларға сыныпта климаттың өзгеруі мен оның әйелдерге әсері туралы талқылаулар өткізуге көмектеседі. Әдістемелік құрал қазан айында таныстырылады.
CAPS Unlock басшысы Аида Айдарқұлованың айтуынша, жоба жастардың Орталық Азиядағы климаттық мәселелерге қатысты ойларын шығармашылық жолмен жеткізуге бағытталған.
«Бұл бастама – жас буынның өз сезімдері мен көзқарастарын креативті түрде көрсетуіне мүмкіндік береді. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан жастарының дауысы осылай естіледі», – деді ол.
Алматы қаласындағы №21 гимназияның 11-сынып оқушысы, 17 жастағы Ақан Жетпіспаев «Taza оmir» атты жұмысымен көрмеге қатысуда.
«Бұл суретте әйел бейнесін табиғаттың символы ретінде көрсеткім келді. Картинамды ауа ластауға қарсы арнадым», – дейді жас суретші.
ЮНЕСКО-ның бастамасы климаттың өзгеруі мен гендерлік теңдіктің өзара байланысына назар аударуды, жастардың үнін жеткізуді және аймақтағы қоғамды инклюзивті шешімдерге тартуды мақсат етеді.
Бөлісу: